Мағжан Ілиясов Қазақстанның АҚШ-тағы жаңа елшісі болып тағайындалды

Мағжан Ілиясов Қазақстанның АҚШ-тағы жаңа елшісі болып тағайындалды
20.10.2025 09:15
0
113
фото: ашық дереккөз

Мағжан Ілиясов Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Мағжан Жанботаұлы Ілиясов Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.

Осы жаңа қызметке тағайындалуына байланысты ол Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. Сонымен қатар, оның Исландия Республикасы мен Ирландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы лауазымдары да тоқтатылды.

Жаңадан тағайындалған елші Мағжан Ілиясов 1974 жылы 26 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.

Білімі жоғары. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетін бакалавр дәрежесімен тәмамдаған. 1998 жылы Нидерландтың Гаага қаласындағы Клингендаль халықаралық қатынастар институтында дипломаттарға арналған оқу курстарынан өткен. 2013 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінде мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін меңгерген.

Отбасылық жағдайы – үйленген, бір ұлы бар.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар департаментінде референт, атташе болып бастаған.

1998-1999 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Біріккен Ұлттар Ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар департаментінде үшінші, екінші хатшы қызметтерін атқарды. 1999-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының халықаралық сапарлар бөлімінде еңбек етті. 2007 жылдан 2012 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі болды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, кейін 2016 жылға дейін Президент кеңесшісі – Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі қызметінде болды. 2016-2020 жылдары Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметтерін атқарды. 2020-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болды. 2022 жылдың 6 қазанынан бастап 2025 жылдың 20 қазанына дейін Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде қызмет атқарды.

Мағжан Ілиясов "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" және "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен марапатталған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий