Математика мұғалімі алаяқтық жасағаны үшін 3 жылға сотталды

11.03.2026 11:42 Арман Ермеков
Математика мұғалімі алаяқтық жасағаны үшін 3 жылға сотталды
74
Фото: up-study.ua

Оқушыларды Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсіремін деп ата-аналарды алдаған математика пәнінің мұғаліміне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Диапазон-ға сілтеме жасап.

Жеке оқу орталығында жұмыс істеген Шыңғысхан Пайзов есімді ұстаз екі оқушының анасынан жалпы жиыны 3 миллион 200 мың теңге алып, оны құмар ойындарға жұмсап жіберген. Күдікті орталықта балаларды емтиханға дайындаумен айналысқан және аналарға белгілі бір сомаға ұлдарын аталған мектепке орналастырып бере алатынын айтқан.

Бұл сөзге сенген бір әйел 1 жарым миллион теңге берсе, екіншісі 1 миллион 700 мың теңге аударған. Алайда мұғалімнің мұндай мүмкіндігі болмағандықтан уәдесін орындай алмаған, ал алданғанын түсінген ата-аналар бірден полицияға шағым түсірген.

Сотта жәбірленуші әйелдердің бірі ұстаздың өзі қоңырау шалып, баласының қабілетті екенін және одан әрі дамуы үшін мектепті ауыстыру керектігін айтқанын жеткізді.

«Ол ұлымды НЗМ-ге түсіруге көмектесетінін және бұл үшін бір жарым миллион теңге қажет екенін түсіндірді, мен баламның болашағын ойлап келістім», – деді жәбірленуші.

Сондай-ақ ол ақшаны екі бөліп аударғанын, кейінірек мұғалім Астанаға көшіп кеткен оқушының орны босағанын айтып, тағы 200 мың теңге сұрағанын мәлімдеді. Екінші ананың да оқиғасы дәл осылай өрбіген. Сот барысында айыпталушы шығынды толық өтегендіктен, екі әйел де оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Тергеу кезінде айыпталушының әйелі күйеуінің такси қызметінде істегенін және өзінің банк қосымшасын пайдаланғанын айтты. Биыл жыл басында ол жолдасының адамдарды алдап, ақшаны құмар ойындарға ұтылып қалғанын білген.

Сот айыпталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Қосымша жаза ретінде ол жаза өтеу мерзімінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий