Мемлекеттік тілмен еш тіл тең емес, қатар ғана: Зайытов Ата заңдағы тілге қатысты өзгеріске өз ойын айтты
Депутат Ринат Зайытов Ата заңның жаңа нұсқасындағы мемлекеттік тілге қатысты өзгеріске өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутаттың айтуынша, қоғам Ата заңның 9-шы бабының екінші тармағын дүрлігіп талқылап, біраз тіл жанашырларын айыптап, қүстаналап жатқанда, Мәжіліс пен Ақорданың ішінде үнсіз көп іс атқарылып жатқанын көпшілік біле бермейді.
«Міне, сол тісін көрсеткеннен ісін көрсетуді жөн санайтын азаматтар комиссияға бірнеше нұсқада өз өтініштерін беріп, сол 9-ыншы баптың екінші тармағының өзгеруіне қол жеткізді! Енді жаңа нұсқадағы мәтінде орыс тілі тең емес, қатар қолданылады. Түсінген адамға аз жеңіс емес. Шүкір. Ең бастысы осы жетістікті жеңіске айналдыру үшін бізге салқынқандылық өте қажет. Жетістік желігуді жек көреді. Ал біз әлі көп жетістікке жетуге міндеттіміз!» – деп жазды ол.
Депутат осы ретте Наполеон Бонапартты мысалға келтірді.
«Наполеон Бонапарттың бойы бір киімілгішке жетпей тұрғанда бір офицер келіп, «Генерал, киіміңізді мен ілейін. Сізге қарағанда биіктеумін ғой» депті.Сонда Наполеон: «Сен — биік емессің, ұзынсың» деген екен», - деді ол.
Депутат «тең» сөзінің «қатар» деп жазылуы жеңіс әрі жетістік деп отыр.
«Мемлекеттік тілмен еш тіл тең емес, қатар ғана», – деп Зайытов тілге қатысты ойын түйіндеді .
Еске сала кетейік, Жаңа Конституция жобасының тіл туралы заңына өзгеріс енгізілмек.
9-бапта орыс тілге қатысты тармағында «тең» сөзі «қатар» деп жазылады. Яғни тең сөзін қатар сөзі алмастырады.
Жаңа жобаға сәйкес, Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады.
Соңғы жаңалықтар