Министрлік әскерден мүгедек боп оралған Ербаян Мұхтардың өлімі туралы мәлімдеме жасады 

24.06.2026 09:21 Әсел МҰРАТ
Министрлік әскерден мүгедек боп оралған Ербаян Мұхтардың өлімі туралы мәлімдеме жасады 
256
Фото: ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттарының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер орын алып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.», - делінген министрлік хабарламасында.

Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды.

«Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды», - деп атап өтті ведомсвто.

Министрліктің мәліметінше, медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді.

Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркияға жіберіліп, онда бастапқы диагноз расталды.

«2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды», - дейді министрліктегілер.

Дәрігерлердің айтуынша, науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдады. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілді.

«Медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының жансақтау бөлімшесіне  кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды», - деп атап өтті министрлік.

Еске салсақ, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, кейін ұзақ уақыт бойы емделген еді. Оның жағдайы қоғамда кеңінен талқыланып, қазақстандықтар әскери бөлімдегі оқиғаның мән-жайын анықтауды талап еткен болатын. 23 маусым күні Ербаян Мұхтар қайтыс болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий