«Мұндайды екінің бірі істей алмайды»: Бекболат Тілеухан вице-президент Қаринді не үшін мақтады?

04.09.2026 12:48 Әсел МҰРАТ
«Мұндайды екінің бірі істей алмайды»: Бекболат Тілеухан вице-президент Қаринді не үшін мақтады?
622
Фото: instagram/bekbolat.tleukhan

Қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан жақында ғана вице-президент болып тағайындалған Ерлан Қариннің мемлекеттік қызметтегі жұмысына баға беріп, оның президент сенімін ақтағанын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бекболат Тілеухан бұл туралы әлеуметтік желідегі жазбасында айтты.

Оның пікірінше, елдегі аса жоғары мемлекеттік лауазымдардың бірін атқару – үлкен жауапкершілік әрі зор сенімнің белгісі.

«Танымы айқын, дәстүрлі ортадан шыққан текті азаматтың елдегі екінші тұлға саналатын аса биік лауазым атан тартпас ауыр жүкті арқалауы – үлкен сенімнің айғағы», — деп жазды ол.

Қоғам қайраткері Ерлан Қариннің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын жүзеге асырудағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қарин идеологиялық бағыттарды қалыптастыру, үйлестіру және оны қоғамға түсіндіру ісінде тиімді жүйе құра алған.

«Ерлан Қарин идеологиялық мағыналарды қалыптастырушы, үйлестіруші және қоғамға жеткізуші тұлға ретінде осы лауазым үшін сирек кездесетін жүйе құра алды. Соның арқасында жүргізілген саясат Президенттің біртұтас бағыты ретінде жүзеге асырылып отырды», – деді Бекболат Тілеухан.

Сонымен қатар автор Қариннің саяси ұстанымына да баға берді. Ол қазіргі күрделі кезеңде түрлі сын мен саяси қысымды өз мойнына ала отырып, ашық текетіреске бармауын саяси шеберліктің көрінісі деп санайды.

«Дүниенің дидары бұзылған осындай кезеңде Қаринның сын мен соққының бәрін саналы түрде өз мойнына ала отырып, ешқашан ешкіммен ашық текетіреске бармауы – саяси шеберлігінің айғағы дер едім. Және жігіттік адамгершілігі де!» – деп жазды ол.

Бекболат Тілеухан Ерлан Қариннің ұлттық тарих пен дәстүрлі мәдениетке деген көзқарасын да атап өтті. Оның сөзінше, Қарин жыраулар мұрасы мен ұлттық спортты, оның ішінде дәстүрлі садақ атуды дамытуға сырттай бақылаушы ретінде емес, бұл бағыттардың ерекшелігін меңгеріп, тікелей араласуға ұмтылған.

«Тарихи санасы қалыптасқан, дәстүрлі мәдениеттің құнын қанымен сезінетін, Ерлан ініммен қашаннан сұхбатымыз жарасқан мұратымыз ортақ еді», – деді Бекболат Тілеухан.

Ол Қариннің қарапайымдылығы мен білмегенін сұраудан тартынбайтын қасиетін де оң бағалады.

«Білмегенін сұрауды ар көрген тоңмойындықтан ада, қарапайым да елгезек азаматтың іс басына келгенін қазақ руханиятына сыйдай көрдік», – деп жазды қоғам қайраткері.

Жазбасының соңында Бекболат Тілеухан Ерлан Қаринге сабыр, денсаулық пен абырой тіледі. Сондай-ақ тарихшы мамандығын еске алып, оның бүгінгі қызметіне уақыт өте келе тарихтың өзі баға беретінін меңзеді.

«Мамандығың тарихшы ғой, Ереке! Ұлы да әділ төреші – ТАРИХ-мырзаның үддесінен шығуға іс қылғайсың. Жаратқан жар болғай!» – деп түйіндеді Бекболат Тілеухан.

Войдите, чтобы оставить комментарий