Мұрат Мұтырғанов: Қарызымның көптігі сонша, көшеге шығудан қалдым
Танымал цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов «Отец» подкастына берген сұқбатында қарызға белшесінен батқанын ашық айтты. Ол бүгінде мойнындағы берешегі өте көп екенін, соның салдарынан ауыр депрессияға түскенін және қарыз иелерінен қашып, оқшау өмір сүруге мәжбүр болып жүргенін әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.
«Шынымды айтсам, дәмханаға бас сұға қалсам, қасыма даяшы келіп: «Сіз әлгі... Былтыр сіздің циркіңізге құрал-жабдық орнатып беріп едік қой, соның ақшасын әлі төлемедіңіздер», — дейді. Сол кезде жерге кіріп кете жаздаймын. Неге дәл маған келгенде осылай? Көшеге шықсам болды, міндетті түрде алдымнан қарыз сұрайтын бір таныс шыға келеді. Шын айтамын. Сондықтан аса бір маңызды кездесулер болмаса, сыртқа мүлдем шықпауға тырысамын», — деді Мұрат Мұтырғанов.
Сондай-ақ әртіс нәпақа табуға талпынып, қандай да бір іске білек сыбана кіріссе болғаны, қарыз берушілердің мұны бірден байқап, берешегін даулай жөнелетінін жасырмады.
«Менікі жай ғана нәпақа табу, ақша табу ғой. Бірақ Stories немесе Reels түсіре бастасам болды, бірден 3-4 адамнан: «Оо, Reels түсіріп, ісің жүріп жатыр екен ғой? Енді біздің де қарызымызды қайтарсаңшы!» — деген хат келеді. Олар менің видео түсіргенімді көріп, «жағдайы түзеліп, ісі алға басыпты» деп ойлайды. Саған ант етемін! Содан кейін ештеңе істеуге құлқым болмай, Instagram парақшамды бірден жауып тастаймын. Шығармашылықпен айналысайын деп құлшынып оқталамын да, артынан: «Құрысыншы осы шығармашылығы, егер бұдан түк пайда болмаса...» — деп қолды бір-ақ сілтеймін», — деді әртіс.
Подкаст жүргізушісінің «Өзіңнің депрессияда екеніңді мойындайсың ба?» деген сұрағына әртіс еш бүкпесіз жауап берді. Ол осы күйде жүргеніне екі жылға жуықтағанын растап, тіпті кейде айналасындағыларға деген ашу-ыза мен агрессияның қысатынын да жасырмады.
«Олеся да: «Саған осылай бұғып отыру тиімді, бәрінен қашып отырған ыңғайлы», — дейді. Рас, күні бойы көрпемді бүркеніп, құрсақтағы шарана құсап бүктеліп жата беремін, ештеңе істегім келмейді. Осылай еш мәнсіз өткен күннің кешін батырамын. Ал кешке қарай күнімнің босқа өткенін сезінгенде, іштей езіліп, депрессиям бұрынғыдан да ушыға түседі, сосын қайтадан ұйқыға бас қоямын. Көзді ашып-жұмғанша осы күймен екі жыл өтіп кетіпті, тек уақыт өлтіріп келемін. (...). Иә, толықтай мойындаймын. Әрине, бұл дерт әр адамда әртүрлі көрініс табады ғой. Кейде мені біреуді тұмсықтан нұқып жібергім келетіндей сондай бір ыза буады. Иә, шынымен де, бүкіл адамзатқа деген бір агрессия, өшпенділік пайда болады. Ешкімді көргім де, ешкіммен тілдескім де келмейді, мүлдем тұйықталып қаламын. Менде осындай ауыр сәттер жиі болып тұрады», — деді Мұрат Мұтырғанов.
Мұрат Мұтырғанов деген кім?
Мұрат Мұтырғанов — цирк әртісі, әйгілі актер әрі сиқыршы Кәрім Мұтырғановтың ұлы. Ол — «Планетадағы ең жас сайқымазақ» атағының иегері, ал оның бұл рекорды «Диво» рекордтар кітабына енген. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі 7 беделді марапаттың иегері және Қазақстан Республикасының ең жас Еңбек сіңірген қайраткері. Мұраттың бүкіл балалық шағы мен тағдыры цирк аренасымен тығыз байланысты. Ол еңбек жолын әкесі Кәрім Мұтырғановтың көмекшісі болып бастаған. Кейіннен униформист, қойылым режиссері қызметтерін атқарып, түрлі трюктер мен қойылымдарда ойнады, ақыры кәсіби клоун дәрежесіне көтерілді. Ол әкесі және қарындасымен бірге «Мутурганчики» триосын құрып, өнер ұжымымен бірге әлемнің түкпір-түкпіріне гастрольдік сапарларға шықты.
2012 жылы Алматы циркі директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Алайда мекеме басшылығымен арадағы түсініспеушіліктер мен қысқа уақытқа созылған ынтымақтастықтың соңы 120 миллион теңге қарыздың пайда болуына әкеп соқты. Берешекті өтеу үшін әртістің ата-анасы пәтерін сатып, көліктерін кепілге қойғанымен, Мұрат бұл қарыздан әлі күнге дейін толық құтыла алған жоқ.
Болашақ жары Олеся Тимошенкомен 2014 жылдың ақпан айында танысып, дәл сол жылдың қыркүйегінде дүркіретіп үйлену тойын өткізді. Бүгінде ерлі-зайыптылар Майкл есімді ұлы мен А’Лаэл есімді қызын тәрбиелеп отыр. Мұрат цирк аренасына алғаш рет 2 жасында шыққан, ал 6 жасында қолына ресми еңбек кітапшасы тиген. Құжат бойынша оның ресми есімі — Микаэль. Әртістің айтуынша, ата-анасы бастапқыда оған әйгілі әнші Майкл Джексонның есімін бергісі келген. Бірақ құжаттандыру кезіндегі түсініспеушіліктерге байланысты есімі ресми түрде Микаэль болып жазылып кеткен.
Соңғы жаңалықтар