«Тісін сындырып, шашын қиған»: Ақтауда күйеуінен таяқ жеген әйел неге арнайы мекемеге жіберілді? 

«Тісін сындырып, шашын қиған»: Ақтауда күйеуінен таяқ жеген әйел неге арнайы мекемеге жіберілді? 
Фото: threads/rakisheva_lyazzat

Ақтауда күйеуінің қатыгездікпен ұрып-соққаны туралы арызданған Өзбекстан азаматы құжаттары болмағандықтан арнайы мекемеге орналастырылған. Әйелдің айтуынша, құжаттарын күйеуі алып кетіп, полиция келгенге дейін оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы заңгер, Human Rights Lawyers қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Рақышева мәлімдеді.

Ол жариялаған видеода әйел күйеуінің өзін бірнеше рет ұрып-соққанын, алдыңғы тістерін сындырып, шашын қиып тастағанын айтады. Жәбірленушінің төрт және алты жастағы екі баласы бар.

Құқық қорғаушының сөзінше, әйел өткен жылы да отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты полицияға жүгінген. Ал соңғы шабуылдан кейін оған қажетті медициналық көмек көрсетілмегені айтылды.

Ләззат Рақышева Ақтау қаласының полициясына және прокуратураға жүгінген. Ол жәбірленушіні арнайы мекемеге орналастырудың заңдылығын, әйелдің күйеуінің полиция қызметкерлерімен ықтимал байланысын және оның жауапкершіліктен қалай құтылғанын тексеруді талап етіп отыр.

Сондай-ақ балалардың қайда екені, әйелге медициналық көмек көрсетілуі және зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінген ер адамға қатысты қандай шаралар қабылданғаны жөнінде де сұрақтар көтерілді.

Маңғыстау облысының полиция департаменті оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады. Алайда әйелдің арнайы мекемеге орналастырылу себептері мен полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу