Мусин басқаратын компанияның табысы белгілі болды
Былтыр "Қазақтелеком" компаниясының жалпы кірісі жоспардан асып түсіп, мекеме 147 млрд теңге көлемінде таза пайда көрді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Бағдат Мусин "Самұрық-Қазына" қорының қоғамдық кеңес отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша 2025 жылы мекеменің жалпы кірісі 587 млрд теңгеге жеткен және бұл халық арасында байланыс қызметіне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Мекеме басшылығы шығындарды жоспарланғаннан азайтып 508,9 млрд теңге жұмсады және мемлекет қазынасына 89,2 млрд теңге салық төледі. Олар қарыз жүктемесін қалыпты деңгейде ұстап отыр, ал инфрақұрылымды дамытуға 200 млрд теңгеден астам инвестиция құйған.
Бүгінде компанияның 1,9 млн тұрақты интернет қолданушысы және 8,7 млн мобильді байланыс абоненті бар, сонымен бірге 1,2 млн адам TV+ қызметін пайдаланады. Байланыс қызметін тұтынушылар қатарында 80 мың кәсіпкерлік нысан мен 15 мыңнан астам мемлекеттік мекеме, оған қоса 3850 мектеп пен 2720 аурухана бар.
Айта кетейік, осыған дейін Бағдат Мусин премьер-министрге Екібастұз қаласында қолға алынған деректерді өңдеу орталықтары алқабының құрылысы туралы баяндаған еді.
Соңғы жаңалықтар