Назарбаевтың кеңсесін басқарған Махмұд Қасымбеков жаңа компания құрды

07.09.2026 23:53 Қанат АЙБАР
Назарбаевтың кеңсесін басқарған Махмұд Қасымбеков жаңа компания құрды
575
Ашық дереккөздерден

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кеңсесін ұзақ жылдар бойы басқарған Махмұд Қасымбеков жаңа компания тіркеді. Оның бұған дейінгі өзге де активтері сияқты жаңа кәсіпорны да пайдалы қазбаларды өндіру саласында жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Politico.kz сайты kursiv сайтына сілтеп.

Ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында New Mining Ltd компаниясы ресми тіркелді. Жаңа ұйымның негізгі қызмет бағыттары ретінде холдингтік қызмет, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру, барлау және іздестіру жұмыстары көрсетілген.

New Mining Ltd компаниясының басшысы әрі президенті — Махмұд Қасымбеков. Сонымен қатар ол тау-кен өндірісі саласындағы басқа да бірқатар активтерге иелік етеді. Атап айтқанда, 11 тамызда АХҚО-да Zhetisu Resources Ltd компаниясы тіркелсе, бұдан бұрын ол Shygys-Zhetisu Minerals құрылымына иелік еткен. Аталған компания М. Қасымбековтің ұлы Ардақпен бірге Семей ядролық қауіпсіздік аймағында орналасқан Шор Шығыс мыс-молибден кен орнын игеруге басым құқық алған «Шығыс Молибден» кәсіпорнының қосалқы құрылтайшысы болып табылады. Сондай-ақ оның иелігінде «Жетісу Минерал Ресорс» және «Ұлытау Алтындары» секілді тау-кен активтері бар.

Айта кетейік, Махмұд Қасымбеков 1996 жылдан бастап ҚР Президентінің кеңсесінде еңбек етіп, 2004–2019 жылдары оны басқарды. Ал 2019 жылдың наурызынан бастап Тұңғыш Президент – Елбасы кеңсесінің басшысы лауазымын атқарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий