Оқушы өлімінен кейін жұмыстан қуылған шенеунік қызметіне қайта орала алмады

16.12.2025 10:19 Арман Ермеков Арман Ермеков
Оқушы өлімінен кейін жұмыстан қуылған шенеунік қызметіне қайта орала алмады
0
441
Фото: freepik.com

Жамбыл облысында оқушы өлімінен кейін лауазымымен қоштасқан шенеунік жұмысына қайта оралуға тырысты. Алайда Тараз қалалық соты Байзақ аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Нұрболат Мамырбаевтың талап арызын қанағаттандырудан бас тартты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Экс-басшы сотқа жүгініп, жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жоюды және қызметіне қайта тағайындауды сұраған. Сонымен қатар ол мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін мемлекеттен 1,2 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп алуды көздеген.

Бірақ сот шенеуніктің бұл уәжімен келіспеді. Іс материалдарына сәйкес, жұмыстан қуылған сәтте Мамырбаевтың қызметтік қоржынында алынбаған екі бірдей тәртіптік жаза болған. Оның бірі 2025 жылдың 21 ақпанында «сөгіс» түрінде берілсе, екіншісі 11 сәуірде «қызметіне толық сәйкес келмеу туралы ескерту» ретінде рәсімделген. Сот талапкердің екінші жазаның заңсыздығы туралы дәйектерін негізсіз деп тапты.

Шенеуніктің қызметтен кетуіне түрткі болған басты себеп – Алтынсарин атындағы мектеп директоры Қанатбек Бәйтенді заңсыз жұмысқа қайта алуы. Анықталғандай, Мамырбаев сот шешімі әлі заңды күшіне енбегеніне қарамастан, директорды қызметіне қайтару туралы бұйрық шығарып жіберген. Нәтижесінде мектеп басшысы төрт күн бойы еңбек ақысыз жұмыс істеген.

Еске салайық, Құмжота ауылындағы Алтынсарин мектебі былтыр сәуір айында болған сұмдық оқиғадан кейін бүкіл елге танылған еді. Мектептің сыртқы әжетханасында жоғары сынып оқушылары мен кішілер арасында төбелес болып, салдарынан кеудесіне қатты соққы тиген 8-сынып оқушысы көз жұмған болатын.

Бұл қылмыс бойынша үш жасөспірім кінәлі деп танылды. Оның екеуі алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылса, үшіншісіне бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.

Ал мектеп директоры Қанатбек Бәйтенге қатысты да бастапқыда «қылмысты жасырды» деген күдікпен іс қозғалған еді. Алайда Байзақ аудандық прокуратурасы кейіннен қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты тергеуді тоқтатты.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий