Оралдық әйелдің 30 жыл бұрын бір топ адам зорлағаннан кейін дүниеге келген қызы табылды

04.06.2026 17:58 Әсел МҰРАТ
 Оралдық әйелдің 30 жыл бұрын бір топ адам зорлағаннан кейін дүниеге келген қызы табылды
221
Фото: видеодан скрин

«НеМолчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Наташа Қалымбетоваға қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиға бойынша жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Еске салайық, Наташаның тағдыры қоғамды дүр сілкіндірген еді. Мектеп оқып жүрген кезінде оны ауылдың төрт жігіті зорлаған. Салдарынан төртеуінің біреуінен аяғы ауыр болып, ол қыз баланы дүниеге әкелген. Арада 30 жылдан астам уақыт өткен соң Наташа қызын табуға үміттеніп жүрген болатын.

«Бүгін біз қыздың табылған болуы мүмкін екенін хабарладық. Қолымыздағы деректер оның шынымен Наташаның қызы екенін көрсетіп отыр. Оқиғаның кеңінен таралуының арқасында біз Наташаның қызы болуы мүмкін адам туралы көптеген мәлімет алдық. Барлық ақпаратты мұқият салыстырып, тексердік. Сол түні біздің команда да, Наташа да, адвокаттар да көз ілмеді. Барлық белгілер бойынша бұл – дәл сол қыз. Біз оның бала кездегі фотосуретін таптық. Наташа оны бірден таныды. Бәріміз қатты толқыдық. Наташа «Бұл – менің қызым екеніне күмәнім жоқ» деді», – деп бөлісті Дина Таңсәрі.

Бұған дейін Наташа қызын АҚШ азаматтары асырап алғанын айтқан еді. Сондықтан ол қазіргі таңда Америка Құрама Штаттарында тұрып жатуы мүмкін.

Сонымен қатар, қор жетекшісі қазақстандықтарға үндеу жасап, қызды іздеу жұмыстарын тоқтата тұруды және оның отбасын алаңдатпауды сұрады.

«Баршаңыздан үлкен өтінішіміз бар. Бұл жағдай Наташа үшін де, оның қызы үшін де, бәріміз үшін де өте ауыр. Сондықтан іздеуді осы жерден тоқтатайық. Қазіргі ақпарат біз үшін жеткілікті. Қыздың отбасына түсіністікпен қарап, олардың жеке өміріне құрметпен қарайық. АҚШ-тағы қоғамның көзқарасы мен менталитеті өзгеше. Ақпараттың жаппай таралуы мен қызды іздеуге байланысты туындаған жағдай Наташаны да алаңдатып отыр. Сондықтан адамдардың сезіміне құрметпен қарағанымыз жөн», – деді ол.

Наташа Қалымбетова жылдар бойы ажырап қалған қызымен қайта қауышуды ғана емес, өзіне қарсы қылмыс жасаған адамдардың заң алдында жауап бергенін де қалайдыү

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, іс аясында барлық уәждер мен мән-жайлар жан-жақты тексеріліп жатыр. Қылмыстық істің қозғалғанын Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те растады.


 

Войдите, чтобы оставить комментарий