«Орден емес, халықтың ықыласы – шын марапат»: актер Алмат Сақатовтың сөзі көпке ой салды
Белгілі актер Алмат Сақатов Хабар арнасының «КешREC» бағдарламасына берген сұхбатында марапат пен атақтың мәні туралы ойымен көпшіліктің назарын аударды. Өнер иесі халықтың құрметі кеудеге тағылған орденмен немесе қалтаға салынған құжатпен өлшенбейтінін айтты, деп хабарлайды Politico.kz
Актердің сөзінше, бүгінде «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын алғанымен, елге кеңінен танылмай жүрген жандар бар. Сондықтан шынайы бағалау ресми атаққа емес, халықтың ықыласына байланысты.
«Сені халықтың сыйлағаны – кеудеңе таққан орден мен құжатқа байланысты емес. Маған кейде “неге жеке концерт жасамайсың?” деп сұрайды. Мен үшін одан да маңыздысы – әкемнің отын сөндірмей, мерейтойларын елмен бірге өткізу. Әкемнің 50, 60, 70 жылдықтарын Республика сарайында атап өттік, енді 80 жылдығын өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы – мен үшін ең үлкен марапат», – деді Алмат Сақатов.
Актердің бұл пікірі желі қолданушылары тарапынан кең қолдау тапты. Көпшілік оның сөзін шынайы әрі өмірлік деп бағалады.
«Азаматсың, Алмат мырза!», «Халықтың жүрегінен орын алу – ең биік атақ», «Кеудеге тағылған марапаттан гөрі, елдің алғысы қымбат», – деп жазды оқырмандар.
Өнер иесінің бұл ойы атақ пен абыройдың айырмасын айқын көрсетіп, көпшілікті терең ойға жетеледі.
Соңғы жаңалықтар