Өртенген күйде табылған полицейге қатысты істе жаңа деректер пайда болды

12.07.2026 13:28 Қарақат АСЫЛОВА
Өртенген күйде табылған полицейге қатысты істе жаңа деректер пайда болды
448
Фото: Times.kz

Алматы облысында денесі өртенген күйде табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты жаңа мәліметтер тарады, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі kznews.kz-ке сілтемемен.

Алайда олардың бірқатары әзірге құқық қорғау органдары тарапынан ресми түрде расталған жоқ.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, оқиға Полиция күні қарсаңында болған. Бейресми деректерде сол күні марқұмның жұмыстан үйіне кеш келгеннен кейін отбасында жанжал шыққаны айтылады. Сонымен қатар ерлі-зайыптылар арасында бұған дейін де тұрмыстық келіспеушіліктер болғаны жөнінде мәліметтер тараған. Бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ.

Тергеудің болжамдарының біріне сәйкес, жанжал кезінде үйде әйелдің кәмелетке толмаған екі ұлы мен олардың танысы болған. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде марқұмның қалай жарақат алғанын анықтап жатыр.

Сондай-ақ бейресми мәліметтерде ер адамның денесі кейін Алматы облысы Кеген ауданы аумағына жеткізіліп, сол жерде өртелген болуы мүмкін деген нұсқа айтылуда. Марқұмның мәйітін тауда жоғалған малын іздеп жүрген жергілікті тұрғын тауып, полицияға хабарлаған.

Қазір іс бойынша бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Тергеу аясында ұялы телефондар мен өзге де дәлелдер тексеріліп жатыр.

Алдын ала ақпаратта бірнеше адамның ұсталғаны туралы айтылғанымен, бұл деректердің барлығы ресми түрде толық расталмаған.

Аслан Әлсеров ішкі істер органдарында шамамен он жыл қызмет еткен. Ол әр жылдары арнайы жедел әрекет ету бөлімінде және Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының қылмыстық полиция бөлімінде аға детектив қызметін атқарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий