«Орысша жауап бер маған»: Алматыда тілге қатысты жанжал шығарған әйел жауапқа тартылды

20.06.2026 10:10 Қарақат АСЫЛОВА
«Орысша жауап бер маған»: Алматыда тілге қатысты жанжал шығарған әйел жауапқа тартылды
355
Фото: GOV.KZ
Қазақша жауапқа наразы болған әйел жауапқа тартылды

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы супермаркеттердің бірінде түсірілген видео кеңінен тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Кадрларда сатып алушы мен дүкен қызметкері арасында дау туындағаны көрінеді. Оқиға касса маңындағы кезекке байланысты басталған. Бейнежазбада әйел жұмыс істеп тұрған кассалардың аз екеніне наразылық білдіріп, әкімшіден түсініктеме талап етеді. Дүкен қызметкері оған қазақ тілінде қосымша кассирдің жақын арада келетінін айтқан. Алайда бұл жауап сатып алушыны қанағаттандырмаған.

Кейін әйел қызметкерден өзіне орыс тілінде жауап беруін талап етіп, бұл талабын бірнеше рет қайталаған.

Желіде тараған видеоны полиция қызметкерлері зерделеп, оқиғаға қатысы бар азаматшаның әрекетіне құқықтық баға берді. Сот шешімімен әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Құқық қорғау органдары қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін арандатушылық әрекеттерге, агрессия мен әдепсіз мінез-құлыққа жол берілмейтінін ескертті. Сондай-ақ азаматтарды заңға қайшы контентті таратудан сақ болуға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий