«Патриотизм екінші орында қалды»: Вице-министр Асаубаеваның шағымына қатысты пікір білдірді

10.06.2026 18:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Патриотизм екінші орында қалды»: Вице-министр Асаубаеваның шағымына қатысты пікір білдірді
81
Фото: Баспасөз мәслихатынан кадр

Белгілі шахматшы Бибісара Асаубаеваның Мемлекет басшысына жасаған мәлімдемесінен кейін Туризм және спорт министрлігі жедел баспасөз мәслихатын өткізіп, қаржыландыру дауына нүкте қойды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомство өкілдері, нақтырақ айтсақ, вице-министр Серік Жарасбаев спортшылардың әлеуметтік желідегі арыз-шағымдарына қатысты министрліктің ұстанымын ашық жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда ұлттық намыс пен мемлекет алдындағы жауапкершілік көлеңкеде қалып, материалдық мәселелер алдыңғы орынға шығып кеткен.

«Көптеген спортшымыз үшін қаржыландыру мәселесі бірінші орынға шыға бастады. Қаражат мүлдем жоқ емес, бірақ бұрын басты назарда болған дүниелер патриотизм, ел намысын қорғау, мемлекет алдындағы жауапкершілік қандай да бір себептермен екінші жоспарға ысырылуда. Оның орнына әлеуметтік желілер арқылы материалдық сипаттағы сұрақтар белсенді талқыланып жатыр, өкінішке қарай, біз осындай тенденцияны байқап отырмыз», – деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Шенеунік мәселенің мәнісін түсіндіре келе мемлекет пен меценаттар тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың тез ұмытылатынына қынжылыс білдірді.

«Спортшылар үлкен жетістіктерге жетіп, медаль жеңіп алып, еліміздің атын шығарады. Осыдан кейін мемлекет, демеушілер, меценаттар мен басқа да ұйымдар олардың жеңісіне шын жүректен қуанып, қосымша қолдау көрсетеді, сыйлықтар мен ынталандырулар табыстайды. Бірақ кейде мұның бәрі өте тез ұмытылады, бұл спортты дамытуға және спортшыларды қолдауға қаражат салатын адамдар мен ұйымдардың алаңдаушылығын тудырады», – деді ол.

Сонымен қатар вице-министр спортшыларды халықаралық аренада тек Қазақстанның мүддесін қорғауға шақырып, ішкі келіспеушіліктерді желіде жарияламауға кеңес берді.

«Қаржыландыру және басқа да материалдық игіліктер мәселесі екінші кезекте қалуы тиіс. Бірінші орында әрқашан ел мүддесі тұруы қажет. Өйткені мұндай талқылаулар Қазақстанның шекарасынан асып кетеді. Оларды басқа мемлекеттерде көреді, талқылайды, бұл түсініспеушілік тудырып, жағдай туралы қате пікір қалыптастыруы мүмкін. Егер қандай да бір сұрақтар немесе проблемалар туындаса, оларды федерациялар мен менеджерлер арқылы бірлесіп талқылап, шешім табайық», – деді ол.

Еске сала кетейік, осыған дейін қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жасап, қаржыландырудағы күрделі түйткілдер туралы мәлімдеген болатын. Асаубаеваның бұл сөзі қоғамда үлкен резонанс тудырып, министрлік шұғыл баспасөз жиынын өткізуге мәжбүр болды. Жиын барысында Серік Жарасбаев шахматшының шағымын жоққа шығарып, Мемлекет басшысының марапаты неліктен әлі күнге дейін табысталмағанын түсіндірді.

Войдите, чтобы оставить комментарий