«Айлығымды үш есе қысқартты, ал федерация маған ешқашан жалақы төлеген емес»: Бибісара Асаубаева Тоқаевқа үндеу жолдады

10.06.2026 15:35 Әсел МҰРАТ
«Айлығымды үш есе қысқартты, ал федерация маған ешқашан жалақы төлеген емес»: Бибісара Асаубаева Тоқаевқа үндеу жолдады
198
Фото: ашық дереккөз
ЖАЛҒАСЫ

Әлемдегі ең үздік шахматшылардың бірі, қазақстандық Бибісара Асаубаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен –әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаевамын. Менен жоғарыда тек төрт қытайлық шахматшы ғана тұр, ал қалған әлемнің барлық өкілдерін артта қалдырдым.  Сізге мемлекет басшысы ретінде көмек сұрап жүгініп отырмын және алдын ала дайындаған өтінішімді назарларыңызға ұсынғым келеді.
Бүгін әлемдегі ең беделді шахмат жарыстарының бірі – Norway Chess турнирі аяқталды. Мен бұл додада мәреге бір тур қалғанда-ақ чемпион атандым. Осы маңызды турнирге дайындық жұмыстарын өзімнің жүлде қаражатым мен ата-анамның қаржысы есебінен өткіздім. Бізге көмектескен секунданттар мен аналитиктердің еңбегі әлі күнге дейін төленген жоқ.
Сіздің сөзіңізбен айтқанда, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Әрбір медалім маңдай термен, зор еңбекпен, денсаулық пен төзімнің арқасында келеді. Кез келген қиындыққа қарамастан, мен спортшы ретінде жоғары нәтижелерге ұмтылып, Қазақстанның абыройын асқақтатып, көк туын биікте желбіретіп келемін», – деп сөзін бастады спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған үндеуін.

Бибісара Асаубаева жыл сайын түрлі қиындықтарға тап болатынын жасырмады.

«Жыл өткен сайын Спорт министрімен өзара жұмыс істеу қиындай түсуде. Мысалы, шахматтан әлем чемпионатындағы жеңіс үшін берілетін сыйақы небәрі 2 мың АҚШ долларын құрайды, ал Олимпиада медалі үшін 250 мың АҚШ доллары төленеді. Қазақстанда менен басқа ересектер арасында, ерлер мен әйелдер санатында әлем чемпионы жоқ. 2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімді жеңіп алғаннан кейін Спорт министрлігі арқылы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келдім. Алайда 2025 жылы министр (туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов – ред.) қызметке келген соң бұл жалақы үш есеге қысқартылды.
Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан маған ешқашан жалақы төленген емес. 2026 жылдың қарсаңында блицтан үшінші рет әлем чемпионы атандым. Бұл жетістік маған әйелдер арасындағы әлем чемпионы атағына үміткерлер турниріне қатысу құқығын берді. Соған қарамастан, спорт министрлігі тарапынан еңбекақым өскен жоқ», – деді гроссмейстер.

Оның айтуынша, биыл қаңтар айында өзі және жаттықтырушысы министр Ербол Мырзабосыновпен арнайы кездескен.

«Біз федерация бөлетін қаражаттың жеткіліксіз екенін түсіндіріп, қолдау сұрадық. Министр «Спорт Қоры» арқылы міндетті түрде көмектесетінін айтты. Біз қорға өтінім бердік, алайда қажетті қаражаттың тек бір бөлігін ғана алдық. Соның салдарынан секунданттарым қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Осындай маңызды жарыстарға секунданттарын толық құрамда апара алмаған жалғыз шахматшы мен болдым. Соған қарамастан турнирде екінші орын иелендім. Кейін министрдің ұсынысымен қорға тағы да өтінім жолдадық. Спорт вице-министрі Серік Жарасбаев WhatsApp арқылы қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде менің өтінімімді қолдау туралы қорытындыға қол қойғанын ресми түрде хабарлады. Алайда біраз уақыттан кейін қор басшысы Ерлан Ауғанбаев өтінімді ешқандай себеп түсіндірместен кері қайтарды», – деді спортшы.

Сондай-ақ Бибісара Асаубаева президенттің 2025 жылы 30 желтоқсандағы Жарлығымен өзіне II дәрежелі «Барыс» ордені берілгенін еске салды.

«Спорт министрлігінің шақыруымен орденді алу үшін Астанаға үш рет бардым. Бірақ әр жолы сапарым министрліктің бастамасымен кейінге шегерілді. Өкінішке қарай, бүгінге дейін орден өз қолыма тиген жоқ. Біз Сіздің атыңызға eOtinish платформасы арқылы сәуір және мамыр айларында үш мәрте хат жолдадық. Алайда осы уақытқа дейін ешқандай жауап алған жоқпыз. Сол хаттарды министрге WhatsApp арқылы да қайта жібердік. Бірақ жауап болмады. Алдымда аса маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және үлкен дайындық кезеңі тұр. Осындай жағдайда мен не істеуім керек, құрметті президент мырза?» – деп сөзін түйіндеді Бибісара Асаубаева.

Войдите, чтобы оставить комментарий