Питер Фостер енді Тимур Турловқа жұмыс істейді

17.06.2026 15:28 Қарақат АСЫЛОВА
Питер Фостер енді Тимур Турловқа жұмыс істейді
137
Коллаж Politico.kz

Air Astana компаниясын жиырма жылдан астам уақыт басқарған Питер Фостер қайтадан үлкен авиацияға оралды. Белгілі топ-менеджер енді белгілі кәсіпкер, миллиардер Тимур Турловтың командасында қызмет ететін болды. Бұл туралы Forbes Kazakhstan-ға сілтеме жасап Politico.kz хабарлайды.

Тәжірибелі маман жақында ғана атауы өзгерген «Alatau Air Cargo» жүк тасымалдаушы авиакомпаниясының тәуелсіз директоры болып сайланды. Бұл компанияның қомақты үлесі тікелей Тимур Турловқа тиесілі екені белгілі.

Мамыр айының соңында өткен акционерлер жиналысында компанияның директорлар кеңесін толықтай жаңарту туралы шешім қабылданған. Енді жаңа құрамды Тимур Турловтың өзі басқарады.

Кеңес мүшелігіне Ерлан Қойшыбаев, Сергей Швалов және Айбек Қапар кірсе, Питер Фостер мен Сергей Анашкин тәуелсіз директор ретінде жұмыс істейді. Бұған дейінгі басшылық құрам өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.

Бір қызығы, компания тек басшылығын ғана емес, атын да, мекенжайын да өзгертті. Маусым айында «KTZ Air Cargo» ресми түрде «Alatau Air Cargo» болып қайта тіркелді. Сонымен қатар авиатасымалдаушының заңды мекенжайы Астанадан Қарағанды облысына ауыстырылды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 31 наурызда Питер Фостер Air Astana басшысы қызметінен ресми түрде кеткен болатын. Ол еліміздің бас әуе компаниясын 21 жыл бойы үзіліссіз басқарды.

Сол кезде Фостердің жұбайы Татьяна бұл шешімнің алдын ала жоспарланғанын айтқан еді. Оның сөзінше, экс-басшы ендігі уақытын отбасына, желкенді спортқа, гольф пен саяхатқа арнамақ болған.

Дегенмен, 65 жастағы ағылшын маманы құрметті демалыста көп отыра алмаған сыңайлы. Турловтың қаржылық қуаты мен Фостердің халықаралық тәжірибесі (бұған дейін ол Cathay Pacific, Philippine Airlines қатарлы алпауыттарда істеген) бірігіп, қазақстандық жүк тасымалы нарығында жаңа серпіліс жасауы әбден мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий