Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады
25.08.2025 16:11
0
243
Сурет: Ақорда

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАПОНИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАДЫ, ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ POLITICO.KZ.

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Жапонияның Сыртқы істер министрі Такеши Иваямен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің бүгінгі жағдайы мен болашақ даму бағыттарын талқылау болды.

Президент бұл сапардың екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Ол Жапонияның Қазақстан үшін Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес екенін атап өтіп, Токиомен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән берілетінін жеткізді.

Кездесу барысындағы басты жаңалықтардың бірі – Жапония Премьер-министрі Шигеру Ишибаның Қазақстанға жоспарланған ресми сапары болды. Мемлекет басшысы бұл сапарға дайындық жүріп жатқанын және оны асыға күтетінін, сондай-ақ Премьер-министрге өзінің ыстық ықыласын жолдайтынын білдірді.

Өз кезегінде Такеши Ивая қонақжайлық үшін алғысын айтып, Президенттің сәлемін Премьер-министрге міндетті түрде жеткізетініне сендірді. Жапония министрі екі елдің де халықаралық тәртіпті нығайтуға мүдделі стратегиялық серіктестер екенін растады. Оның пайымдауынша, бұл сапар байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашады.

Келіссөздер аясында тараптар сауда-экономика, инвестиция, көлік-транзит және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылады. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мен өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша да пікір алмасылды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий