Президенттік резервке өтпей қалған шенеунік 5 жылға сотталды

11.12.2025 20:06 Арман Ермеков
Президенттік резервке өтпей қалған шенеунік 5 жылға сотталды
0
730
Фото: әлеуметтік желі

Солтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Қанат Барқытов Абайұлы ірі көлемде алаяқтық жасағаны және пара алғаны үшін айыпты деп танылды. Шенеунікпен бірге екі кәсіпкер мен серіктестік қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Qazaqstan Media басылымына сілтеме жасап.

Тергеу деректеріне сәйкес оқиға 2024 жылы басталған. 37 жастағы Қанат Барқытов жолаушылар тасымалымен айналысатын отбасылық кәсіп иесі Вячеслав Алексеевпен кездейсоқ кездесіп қалады. Кәсіпкер әкесінің қайтыс болуына байланысты бизнесті өз қолына алып, директор қызметіне жаңа кіріскенін айтқан.

Тергеушілердің пайымдауынша, дәл осы сәтте шенеунікте қылмыстық ой туындаған. Ол жас басшының тәжірибесіздігін пайдаланып, субсидия төлеу мәселесін оң шешіп беремін деген желеумен ай сайын 500 мың теңге талап еткен. Алайда мемлекеттік дотация мәслихат шешімімен міндетті түрде бөлінетіндіктен, оған шенеуніктің ықпалы жүрмейтін еді. Осылайша Барқытов кәсіпкерді алдап, өзінің қызметтік мүмкіндігін асыра көрсеткен.

Қаражат шенеуніктің және оның декреттік демалыстағы әйелінің есепшоттарына аударылып отырған. 2024 жылдың сәуірі мен 2025 жылдың сәуірі аралығында Алексеев басшының орынбасарына жалпы сомасы 5,5 миллион теңге берген.

Шенеуніктің заңсыз әрекеттері мұнымен шектелмеген. 2025 жылдың наурызында ол жол жөндеумен айналысатын «NBS Construction» компаниясынан атқарылған жұмыстар актісіне қол қою үшін пара сұрайды. Құны 8,9 миллион теңгелік құжатты рәсімдеу үшін компания өкілі, 22 жастағы Дидар Махашов Барқытовтың кабинетіне келген. Ол үнсіз ғана калькуляторға «500 000» санын теріп, жігітке көрсетіп ақша беруді мензеген.

Мұндай шешім қабылдауға құзыреті жоқ Махашов Астанадағы басшысы, 36 жастағы Берік Нұржановпен кеңескен. Басшы жұмыстың кедергісіз жүруі үшін келісімін беріп, қажетті соманы көмекшісіне табыстаған.

Нәтижесінде оқиғаға қатысқан төрт адам да сот алдына келді. Барқытовқа алаяқтық және пара алу, Алексеев пен Нұржановқа пара беру, ал Махашовқа парақорлыққа делдал болу баптары бойынша айып тағылды.

Сот процесі барысында Қанат Барқытов тағылған айыптың бір бөлігін мойындағанымен, ақшаны пара ретінде емес, кеңес бергені үшін ақы ретінде алғанын алға тартты.

«2024 жылдың көктемінде Алексеев хабарласты. Оның жұмысында қиындықтар болды. Оған кеңес бердім, содан кейін ол: "ЖСН жазшы" деп хабарлама жіберді. Сөйтіп, 2024 жылдың сәуірінен бастап Алексеев ақша жібере бастады», — деді Қанат Барқытов сот залында.

Бұл қаражат шенеунік отбасының күнделікті қажеттіліктеріне жұмсалған.

Кәсіпкер Вячеслав Алексеев әкесінің қазасынан кейін құжат жұмыстарына терең бойламағанын, Барқытовтың «жұмыс істегің келсе, бөлісу керек» деген талабынан соң амалсыз келіскенін жеткізді. Ол әр маршрут үшін 250 мың теңгеден төлеп отырған.

«2024 жылдың сәуірінде алғашқы төлемді аудардым. Бұл ол жүргізуші куәлігіне көмектесуге уәде бергеннен кейін болды. Барқытовтың шынымен ықпалы бар деп ойладым. Аударымдарды субсидия алғаннан кейін жасап отырдым», — деді сотталушы Алексеев.

Дегенмен ол 2023 жылы ақша бермегенін, тек 2025 жылы бір рет берген кезде ұсталғанын айтып, айыптау актісіндегі сомамен келіспеді.

Сотта айғақ ретінде ұсынылған телефон жазбалары мен банк аударымдары қылмыстық әрекеттерді растады. Хат алмасуларда Алексеевтің «тағы да ЖСН жібер», «сандарды таста» деген өтініштері сақталған. Тіпті Алексеевтің досымен сөйлескен аудиожазбасында: "Жұмыс істеу үшін – бөлісу керек", "Ай сайын жіберіп тұру қажет" деген сөздері тіркелген. Пара беру процесін олар телефон арқылы "жаттығуға ақша лақтыру" деген құпия сөзбен бүркемелеген.

Қорғаушы жақ оқиғаға берілген құқықтық бағаны өзгертуге тырысты. Алексеевтің адвокаты сотталушының қылмысты өз еркімен хабарлауын қылмыстық жауапкершіліктен босату негізі ретінде алға тартты. Бірақ сот түсіндіргендей, өз еркімен хабарлау - бұл адамның ұсталғаннан кейін қылмыс туралы айтуы емес, фактілер құқық қорғау органдарына белгілі болғанға дейін хабарлауы.

Алексеевті 6 сәуірде ұстап, жауап алып, үйіне жіберген. Тек төрт күннен кейін ғана, тергеу көрсеткендей, ол арыз жазған.

«NBS Construction» компаниясынан пара алуға қатысты басқа эпизод бейнежазбалармен расталады. Қанат Барқытовтың кабинетінен бірнеше адам шығып кетеді. Бірақ олардың бірі — сотталушы Махашов қалады. Жігіт шенеунікке: «Анау ше. Өткен жолғы?» деп сұрақ қояды. Барқытов ыммен жауап беріп, қолымен қабырғадағы шкаф жақты нұсқайды. Махашов барып, ол жерге ақ конверт салады.

Әрі қарай Барқытов конвертті алып, ішін тексереді, үстелге қояды, сосын қайтадан алып қояды. Кейін шығарып, қара сөмкеге салады. Және ең маңызды сәт - ақшаны санайды. Осы жерде ол кішкене ақшаны өз көмекшісіне ұсынуға тырысады, бірақ ол ақшадан бас тартады. Шенеуніктің не үшін оған ақшаны тықпалағаны іс материалдарында көрсетілмеген. Қыз өз жауабында кабинетке диффузор сатып алғанын, ал Барқытов соның есебін қайтарғысы келген болуы мүмкін екенін айтқан.

Махашовтың телефонынан «Qanat Abaevich Упр зам» және «Берік аға» контактілерімен жазысқан хаттары табылды, онда ақша беру процесі нақты талқыланған.

  • Сот үкімімен Қанат Барқытов мемлекеттік қызметте, қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның 500 мың теңге мүлкі тәркіленіп, сот залында қамауға алынды.
  • Вячеслав Алексеевке мемлекеттік қызметте істеуге өмір бойы тыйым салынып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол да үкім оқылған соң қамауға алынды.
  • Берік Нұржановқа пара сомасынан 26,6 есе көп мөлшерде, яғни 13,3 миллион теңге айыппұл салынды. Дидар Махашов 5 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Екеуіне де мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандар апелляциялық шағым түсіріп үлгерді.

Бір қызығы, 2021 жылы Қанат Барқытов Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысқан екен. Бірақ, бағына қарай ма, әлде халықтың бағына қарай ма – ол тізімге ілікпей қалған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий