Продюсер: "Айтуға оңай" ешкімнің өмірінен шоу жасаған жоқ
Отандық телекеңістіктегі әлеуметтік бағдарламалардың қоғамдағы орны мен маңызы туралы белгілі журналист, әлеуметтік жобалардың продюсері Әлия Құдайберген өз пікірін білдірді. Ол көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, «Айтуға оңай...» мен «Қарекет» бағдарламаларының ерекшелігіне тоқталды. Сонымен қатар қазіргі медиа кеңістіктегі әлеуметтік контенттің азаю себептерін талдап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Әлия Құдайберген «Кездесу» подкастында әңгімеледі.
Продюсер әлеуметтік жобалардың ұзақ мерзім бойы көрермен көңілінен шығу себебін журналистік этикамен байланыстырады. Оның айтуынша, бағдарлама ұжымы ешқашан адамдардың қайғысынан пайда іздеуді мақсат етпеген. Соның арқасында бұл жобалар халық пен билік арасын жалғайтын сенімді көпірге айналды.
«Бейсен Құранбек ағамыз бен «Айтуға оңай...» бағдарламасы егіз ұғымдай қатар аталады. Бейсен аға өмірден өткеннен кейін бұл хабардың әрі қарай жалғасуының мәні қалмаған сияқты болды да, жоба жабылды. Бірақ әлі күнге дейін халық «Айтуға оңай...» мен Бейсен Құранбек десе, жүрегі елжіреп еске алады. Өйткені ол шынымен де ерекше хабар болды және 10 жылдан астам уақыт бойы халыққа қызмет етті. Былайша айтқанда, билік пен қарапайым халықтың ортасындағы сенімді көпірге айналды. Біз ешқашан біреудің тағдырынан шоу жасамадық, ешкімнің қайғы-қасіретінен пайда іздеген жоқпыз. «Айтуға оңай...» мен «Қарекет» жобаларының 10 жыл бойы өмір сүруінің сыры да осында шығар», – деді Әлия Құдайберген.
Әлия Құдайберген бүгінгі отандық телевидениеде әлеуметтік тақырыптардан қашу тенденциясы байқалатынын атап өтті. Ол жеңіл-желпі шоулардың көбеюі қоғамдағы қордаланған реалияны өзгерте алмайтынын алға тартады. Сондықтан елдің мұңын шағатын шынайы әлеуметтік бағдарламалардың ауадай қажет екенін айтады.
«Ал «бұл бағдарламалар қазір неге жоқ?» дегенге келсек, оның нақты себебін білмеймін. Тек байқайтыным – қазір бәріміз де жапа-тармағай негативтен қашатын болдық. Бірақ біз «негатив» дегеннің не екенін дұрыс ажыратып алуымыз керек. Қоғам мен ел болған соң, арамызда көмекке мұқтаж, жағдайы төмен жандардың болары хақ. Біз бүкіл қазақтың тұрмысын Алматы мен Астананың деңгейімен өлшемеуіміз керек. Әлеуметтік бағдарламаны 10 жылға жуық басқарған адам ретінде айтайын: әлі күнге дейін үйінде теледидары жоқ, бір айлықты екіншісіне жеткізе алмай, әйтеуір тіршілік етіп жүрген қаншама отбасы бар. Кейде «неге біз оларға көмектеспеске?» деген ой келеді. «Айғай-шудан аулақ болайық, мұндай хабарлардан безінуіміз керек, бұл жақсылық әкелмейді, одан да шоу мен музыкалық бағдарламаларды көбейтейік» дегеннен ешқандай мәселе шешілмейді, жағдайымыз жақсарып та кетпейді. Әлеуметтік хабарлар да болуы тиіс. Халықтың мұңын шағатын, сырын бөлісетін, көз жасын сүртетін де есік керек қой. Ал ол есік – дені сау, шынайы әлеуметтік жобалар», – деді продюсер.
Журналист әлеуметтік жобаларды түсіру барысындағы кадр артындағы ауыр жұмыс режимі мен жеке өміріндегі шектеулерді сөз етті. Онымен қоса, әріптесі әрі тәлімгері Бейсен Құранбектің халыққа деген адалдығы туралы естелігін бөлісті. Түсірілім тобының әрбір кейіпкердің тағдырын өз жүрегінен өткізгенін де жасырмады.
«Сондай-ақ, осы 9-10 жыл ішінде таңнан кешке дейін, тіпті түн ауғанша жұмыс істейтінбіз. Сонша жыл бойы мемлекеттен 150-180 мың теңге көлемінде ғана жалақы алып жүрдім. Жасым 30-дан асқанда да жеке баспанам болмады. Бар білгенім мен көргенім жұмыс болды. Алматыға келгеніме 16 жыл дегенде, осыдан 5 жыл бұрын ғана ел қатарлы ипотекаға үй алдым. Соның кесірінен жеке өмірім де ақсап қалды, өйткені оған мүлде уақытым болмады. Мен бұл істі өзіме үлкен миссия ретінде қабылдадым. Бейсен аға кейде маған: «Әлеке, бұлай болмайды. Жеке өмірің мен денсаулығыңды да қолға алуың керек. Келген кейіпкерлерді неге үйіңе дейін алып кетесің?» – деп ұрысатын. Сол сияқты жағдайлар талай рет болды. Ол кісі маған: «Әлеке, бәрін жүрегіңе тым жақын аласың, бұл дұрыс емес», – деп басу айтатын. Кейін Бейсен аға ауырып жатқанда мен ол кісіге: «Аға, сіз маған үнемі «бәрін жүрегіңе алма» деуші едіңіз ғой. Енді ойласам, «Айтуға оңайды» жүргізгеніңіз сіздің де жүрегіңізге салмақ түсірген сияқты. Осының бәрі босқа болды ма?» – деп айттым. Соған ол кісі: «Әлеке, неге олай дейсің? Мен көзімді жұмсам, маған «айналайын Бейсенжан» деп бата беріп жатқан аталар мен апалар, алғыс айтқан халық көз алдыма келеді. «Айтуға оңайды» жүргізгенім – соншама бата мен алғыс алуыма себепкер болды. Екінші рет бұлай айтпа», – деп ескертті. Осы сөзі есімде мәңгі қалып қойды. Бейсен аға 49 жас қана ғұмыр кешсе де, сондай үлкен жүректің иесі еді. Ол кісі маған 80 жыл өмір сүргендей, айналасына нұрын шашып, бәріне үлгеріп кеткен сияқты болып көрінеді», – деді Әлия Құдайберген.
Соңғы жаңалықтар