Путин Ресейден кеткендердің құқығын шектейтін қатаң заңды бекітті

05.08.2026 09:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Путин Ресейден кеткендердің құқығын шектейтін қатаң заңды бекітті
1080
Фото: magnific.com
Ресейден кеткен азаматтардың шоты мен мүлкі бұғатталады – Путин жаңа заңға қол қойды.

Ресей президенті Владимир Путин елден кеткен және саяси себептермен сырттай жауапқа тартылған азаматтардың құқығын қатаң шектеп, олардың банк шоттары мен мүлкін бұғаттауға мүмкіндік беретін жаңа заңға қол қойды, деп хабарлайды Politico.kz порталы The Insider басылымына сілтемемен.

4 тамыздан бастап күшіне енген құжатқа сәйкес шетелде жүрген ресейліктер шетелдік төлқұжат алу, мемлекеттік қызметтер порталын пайдалану және көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұған қоса олардың Ресей аумағындағы жылжымайтын мүлкіне билік ету мүмкіндігі тоқтатылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне тыйым салынады және консулдық қызметтердің басым бөлігі қолжетімсіз болады.

Жаңа шектеулер негізінен мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасады деп айыпталған немесе әкімшілік жауапқа тартылған адамдарға қатысты қолданылады. Олардың қатарында Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіргендер, елге қарсы санкция салуға шақырғандар, аумақтық тұтастыққа қауіп төндіргендер, сондай-ақ «шетел агенттері» мен «қалаусыз ұйымдар» тізіміне енген азаматтар бар.

Мемлекеттік дума бұл заң жобасын бірден екінші және үшінші оқылымда мақұлдаған болатын. Парламенттің төменгі палатасының төрағасы бұл қатаң шаралардың нақты кімдерге бағытталғанын түсіндіріп өтті.

«Бұл жерде әңгіме экстремистер, Отанымызды сатқандар, мемлекетімізді құрту үшін жылдар бойы қолдан келгеннің бәрін жасап жүргендер, нацизмді ақтап, солдаттарымыз бен офицерлерімізді қорлайтындар және сонымен бірге басқа мемлекеттерде жазадан жасырынып жүргендер туралы болып отыр», – деді Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин.

Еске салайық, биыл мамыр айында Ресейдің Мемлекеттік думасы шетелге кеткен ресейліктердің мүлкін бұғаттауға рұқсат беретін тағы бір заң жобасын қабылдаған еді. Мемлекет мүддесіне қайшы әрекет еткен, оның ішінде «шетел агенті» қызметінің тәртібін бұзған және экстремистік материалдар таратқан адамдарға қарсы бағытталған бұл құжат 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий