Путин Тоқаевты референдумның аяқталуымен құттықтады

16.03.2026 14:01 Арман Ермеков
Путин Тоқаевты референдумның аяқталуымен құттықтады
195
Фото: kremlin.ru

Ресей президенті Владимир Путин мен Өзбекстан көшбасшысы Шавкат Мирзиёев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстандағы жаңа Конституция жобасы бойынша өткен республикалық референдумның табысты аяқталуымен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ресей басшысының ресми құттықтау жеделхаты Кремльдің сайтында жарияланды. Владимир Путин өз сөзінде Қазақстандағы саяси реформалардың маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірген.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы бойынша референдумның сәтті өтуіне орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз.

Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы сіздің мемлекеттік институттарды нығайтуға және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған саясатыңызды халықтың кеңінен қолдайтынын толық растады.

Әрине, Қазақстандағы конституциялық өзгерістер біздің мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық пен жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды одан әрі арттыруға ықпал етеді деп үміттенеміз.

Сізге жаңа табыстар, мықты денсаулық және амандық тілеймін», – делінген Владимир Путиннің құттықтауында.

Бұған дейін Қазақстан президенті көршілес Өзбекстан басшысымен телефон арқылы сөйлескен болатын. Әңгімелесу барысында Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты тарихи таңдау – жаңа Ата заң жобасы бойынша референдумның жоғары деңгейде әрі табысты өтуімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың 15 наурызында Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдум өтті. Орталық сайлау комиссиясының 16 наурыз таңертеңгі алдын ала мәліметі бойынша, бұл саяси науқан сәтті аяқталды. Жаңа Ата заңның қабылдануын 7 954 667 азамат қолдап дауыс берген, бұл жалпы сайлаушылардың 87,15 пайызын құрайды. Ал 898 099 адам қарсы дауыс берген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий