Путинді мысқылдаған ресейлік суретшіні Польшада атып кетті

16.06.2026 17:19 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Путинді мысқылдаған ресейлік суретшіні Польшада атып кетті
403
Фото: Simon Skrepetski/Facebook

Польшаның Бяла Подляска қаласында 44 жастағы ресейлік карикатурашы әрі суретші Семен Скрепецкий деген атпен танылған Роберт Кузовков оққа ұшты, деп хабарлайды Politico.kz жергілікті басылымдарға сілтеме жасап.

Прокуратура мәліметіне сүйенсек белгісіз ер адам суретшінің өз үйінің жанында оған бірнеше рет оқ атқан. Алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта поляк полициясы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Беларусь елінің екі азаматын ұстады. Бірақ оларға әлі ресми айып тағылған жоқ.

Шын есімі Роберт Кузовков болған марқұм Ресейден 2021 жылы қудалаудан қашып кеткен. Ол Владимир Путин мен Александр Лукашенконы және Рамзан Қадыровты мысқылдап салған суреттерімен танымал болды. Сонымен қатар ол кейбір ресейлік оппозиционерлерді де сынға алып отырған. Сол жылы суретші "Ресей 2028" атты сатиралық кітабын да шығарып үлгерген еді.

Кісі өліміне дейін бірнеше күн бұрын ол Берлиндегі Ресей елшілігінің алдында арнайы акция ұйымдастырған. 12 маусымда Ресей күнінде суретші тельняшка мен шабата киіп қолдан жасалған медальдарын тағып шыққан. Ол Иосиф Сталиннің қолында сәби Путин отырған картинасын көрсетіп көшені ресейлік жалаумен сыпырған. Бұдан бөлек ол "Күн шеңбері" әнінің өзгертілген нұсқасын орындаған.

"Осы оқиғадан кейін маған ресейлік патриоттардан түрлі қорқытулар келе бастады", – деп жазды Скрепецкий.

Ол бұл жазбаны 15 маусым күні таңертең өзінің телеграм арнасында қалдырған. Арада шамамен бір сағаттай уақыт өткенде таңғы 9:45-50 кеткен шамада оны белгісіз біреулер атып кеткен.

Бұл істі қазіргі таңда Польшаның арнайы қызметтері мен прокуратурасы бірлесіп тергеп жатыр. Кісі өлімінің нақты себебі әзірге ресми түрде аталмады. Дегенмен жергілікті ақпарат құралдары бұл қылмысты марқұмның саяси көзқарасымен және Ресей билігін сынауымен байланыстырып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий