Путиннің жарлығы қазақ мұнай экспортын тоқтатты

Путиннің жарлығы қазақ мұнай экспортын тоқтатты
24.07.2025 10:35
0
1890
Сурет: Sputnik/Alexander Kazakov

Қазақстан мұнайының Қара теңіз арқылы экспорты тоқтауына Путиннің жаңа жарлығы себеп болды

Каспий Құбыржол Консорциумы (КТК) арқылы Қара теңізге жеткізілетін қазақстандық мұнай экспорты уақытша тоқтап қалды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Оған Владимир Путиннің жаңа жарлығы себеп болған.

Жаңа ережелерге сай, Ресей порттарына кіретін шетелдік танкерлер енді ФСБ-дан арнайы рұқсат алуы тиіс. Бұл талап Қара теңіздегі басты мұнай айлақтарында жүктеу жұмыстарына әсер етіп, шетелдік мұнай танкерлеріне уақытша шектеу қойылған.

Аталған шешім КҚК-ның да қызметін тежеп отыр. Каспий консорциумы арқылы Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы Новороссийск порты жанындағы «Озерейка» терминалы арқылы экспортталады. Консорциумда Chevron мен ExxonMobil секілді америкалық алып компаниялардың үлесі бар.

Reuters дерегінше, бұл шектеулер жаһандық мұнай жеткізілімінің 2%-ына әсер етуі мүмкін.

Жарлық Еуропалық одақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізгеннен кейін қабылданған. КҚК мен Ресейдің Көлік министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Сала сарапшыларының болжауынша, мәселе бірер күнде шешілуі мүмкін.

Тамыз айында КҚК терминалынан Black Sea CPC Blend маркалы мұнай тәулігіне 1,66 млн баррель көлемінде экспортталуы тиіс болған. Бұл шілдедегі көлеммен шамалас. Жалпы, Новороссийск арқылы өткен айда 2,2 млн тонна мұнай жөнелтілген.

Айта кетсек, соңғы айларда Жерорта теңізі нарығында да тұрақсыздық байқалуда. Бұған Түркиядағы Джейхан порты арқылы азербайжандық мұнай экспортындағы кідірістер, КҚК-дағы техникалық ақаулар және дрон шабуылдары себеп болған. Сәуір айында да Ресей Қара теңіздегі өткізу қуатын уақытша шектеген еді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий