«Қасиетті» беташар діннен емес пе? Санжар Керімбай елдің сеніміне күмән салды

10.12.2025 11:49 Айсұлу Мұрат
«Қасиетті» беташар діннен емес пе? Санжар Керімбай елдің сеніміне күмән салды
0
70
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Санжар Керімбай

Бірнеше кітаптың авторы, өзін дін тақырыбын терең зерттеуші ретінде танытып жүрген Санжар Керімбай Qazaq.Airan арнасына берген сұхбатында қазақ қоғамын дүр сілкіндірген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды POLITICO.KZ

Ол көпшіліктің «қасиетті салт» деп қабылдап жүрген беташар дәстүрін исламмен байланыстыру үлкен қателік екенін айтып, тың дерек келтірді.

«Қазақта беташар болған, бірақ оның дінге қатысы жоқ. Бұл – таза түркілік салт. Сақ дәуірінен келе жатқан көне дәстүр. Кейін оны киелеп, дінмен араластырып жіберді», – дейді ол.

Санжар Керімбайдың айтуынша, ғасырлар өте келе халық өзі де байқамай салт-дәстүрді «қасиетті» ұғымға айналдырып алған.

«Сәлем салуды Хауа анадан, Адам атадан қалды деп тарата бастайды. Оны сакрализациялап, Құдайдың өзі бекіткендей көрсетті. Бірақ бұл – кейін пайда болған түсінік», – деп кесіп айтты ол.

Бұнымен тоқтамаған дінтанушы қазақ қоғамында әлі күнге дейін жасалып келе жатқан бірқатар рәсімдер де исламнан емес, көне дәуірден қалғанын алға тартты.

«Жетісін беру, қырқын беру, жылдық ас – бұлар өлмей тұрған дәстүрлер. Азан шақырып ат қою да тек діннен ғана шықты деу қате. Ал тұсаукесер, құйрық-бауыр – сақ-ғұн дәуірінен қалған көне салттар», – дейді ол.

Бұл пікір желі қолданушыларының ашуын да, қызығушылығын да қатар оятты. Бірі Санжар Керімбайды «ұлттық дәстүрге балта шапты» десе, енді бірі «ақиқат айтты, бәрін дінге таңып жібердік» деп қолдап жатыр.

Қалай болғанда да, бір сұхбаттың өзі қазақ қоғамындағы ең «қасиетті» саналатын дүниелерге күмән тудырып, жаңа дау бастады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий