«Ақтауда күйеуі әйелінің тісін сындырып, шашын қиған»: полиция күтпеген жайтты анықтады
Ақтауда күйеуі өзін аяусыз ұрып-соғып, алдыңғы тістерін сындырып, шашын қиып тастағанын айтқан Өзбекстан азаматына қатысты жағдайға полиция түсініктеме берді. Әйелдің арызынан кейін дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Politico.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысқан ер адам мен әйелдің екеуі де Өзбекстан азаматтары. Тексеру барысында олардың жеке басын куәландыратын құжаттары және Қазақстанда заңды түрде жүргенін растайтын құжаттары болмағаны анықталған.
Полиция әйелге дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, тексеру кезінде ер адам мен әйелдің Қазақстан аумағында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз және елде заңды болуын растайтын құжаттарсыз жүргені анықталған.
«Ер адамға қатысты Қазақстанның көші-қон заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта оның кім екенін анықтау және ел аумағында одан әрі болу мәселесін шешу үшін ол қабылдау-тарату орнына орналастырылды», – деп хабарлады полиция.
Ал әйел қазір тұрғылықты жерінде. Оған қатысты да көші-қон заңнамасы аясында тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция дене жарақатын келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын және оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Ақтауда әйел күйеуінің өзін ұрып-соғып, тістерін сындырғанын айтқан еді.
Бұған дейін заңгер, Human Rights Lawyers қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Рақышева әлеуметтік желіде жәбірленушінің оқиғасын жариялаған еді.
Видеода әйел күйеуінің өзін бірнеше рет ұрып-соққанын, алдыңғы тістерін сындырып, шашын қиып тастағанын айтады. Оның төрт және алты жастағы екі баласы бар.
Құқық қорғаушының айтуынша, әйел отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты былтыр да полицияға жүгінген. Ал соңғы оқиғадан кейін оған қажетті медициналық көмек көрсетілмегені туралы мәселе көтерілген.
Ләззат Рақышева Ақтау қаласының полициясы мен прокуратурасына өтініш жолдап, әйелдің арнайы мекемеге орналастырылу себептерін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттерін тексеруді сұраған. Сондай-ақ ол зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінген ер адамның жауапкершіліктен жалтарған-жалтармағанын анықтауды талап еткен.
Соңғы жаңалықтар