Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады

01.03.2026 09:04 Қарақат АСЫЛОВА
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады
359
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Алғыс айту күнімен құттықтап, бірлікке шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, бұл мерекенің мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Бұл – халқымыздың ең асыл құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке. Өзара құрмет көрсету, өзгеге жанашырлықпен қарап, шынайы тілеулес болу – ұлтымыздың бойына сіңген қасиеттер», – деді Президент.

Оның айтуынша, алғыс айту дәстүрі ел ішіндегі сенім мен бірлікті нығайтуға зор ықпал етеді.

«Жақындарымызға алғыс айту – оларға рухани қолдау көрсету, қиын кезде қол ұшын созу деген сөз. Қазіргі құбылмалы заманда бұл қасиеттің мән-маңызы ерекше», – деді ол.

Мемлекет басшысы қиын-қыстау кезеңдерде елді аман сақтап, ұрпаққа мол мұра қалдырған ата-бабаларға тағзым етті. Сондай-ақ ұстаздарға, дәрігерлерге, мәдениет қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, жұмысшыларға, тәртіп сақшыларына, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға және ел дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғыс білдірді.

«Жастар мен еріктілерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Қоғам игілігі үшін еңбек етуге әзір азаматтардың еңбегі ерен. Бұл – Жасампаз әрі Жауапты отаншылдықтың айқын көрінісі», – деді Президент.

Сонымен қатар ол еліміздің тарихи бетбұрыс кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

«Республикалық референдумға шығарылған жаңа халықтық Конституция жобасы адам құқықтарын қорғау жүйесін жақсартуға, билік институттарының жауапкершілігін күшейтіп, тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа Ата Заң бәріміз бір ел болып іргесін қалап жатқан жарқын болашаққа жол ашады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Алғыс айту күні ел тағдыры әрбір азаматтың қолында екенін аңғартатынын жеткізді.

«Біз Заң мен Тәртіп, тілектестік пен ынтымақ қағидаларын басшылыққа алып, салт-дәстүрімізді сақтай білсек, Қуатты, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз», – деді ол.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарға амандық пен табыс тіледі.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий