Қайрат Боранбаев IBSA атқарушы комитетінің құрамына кірді

05.08.2026 14:54 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қайрат Боранбаев IBSA атқарушы комитетінің құрамына кірді
160
Фото: instagram.com/kairat4

Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті әрі «Қайрат» футбол клубы байқау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Халықаралық зағиптар спорт федерациясының (IBSA) атқарушы комитетіне мүше болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Федерацияның жаңа тағайындау туралы шешімі ұйым жарғысына сәйкес қабылданып, бірден күшіне енді. Жаңа қызметінде қазақстандық спорт функционері халықаралық стратегиялық серіктестікті дамытуға, маркетинг пен коммерциялық бастамаларды қолдауға және демеушілік жобаларды ілгерілетуге жауапты болады. Сонымен қатар ол зағиптар арасындағы футболды, оның ішінде әйелдер спорт тармағын әлемдік деңгейде дамыту ісіне жетекшілік етіп, ФИФА және УЕФА ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыс істейтін болады.

Халықаралық ұйым бұл тағайындаудың маңыздылығын атап өтіп, Боранбаевтың спорт пен бизнестегі бай тәжірибесіне тоқталды. Ол Ұлттық паралимпиада комитетін басқарудан бөлек, Ұлттық олимпиада комитетінің паралимпиадалық спортты дамыту жөніндегі вице-президенті және УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитеті төрағасының екінші орынбасары қызметтерін қатар алып жүр.

Федерация өкілдері оның басқаруындағы «Қайрат» клубының жетістіктерін де назардан тыс қалдырмады. Мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы алматылық команда Қазақстан тарихында бірінші болып УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған. Бұдан бөлек Боранбаев «Мейірім» балаларды оңалту орталығын құру және УЕФА Балалар қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмысы арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыруға үлес қосып келеді.

Соңғы жылдары құрылымдық реформалар жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесін нығайтқан IBSA енді жаһандық серіктестікті кеңейтуді басты назарға алып отыр.

«Соңғы үш жыл ішінде біз бірлесіп неғұрлым мықты, ашық әрі тиімді басқарылатын ұйым құрдық. Енді біз халықаралық серіктестіктерімізді кеңейтуге, жаһандық ықпалымызды арттыруға және спортшыларымыз үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған жаңа кезеңге қадам басып келеміз. Қайрат Боранбаевтың тәжірибесі, халықаралық көшбасшылығы мен әлеуметтік жауапкершілікке деген ұмтылысы осы мақсаттарға жетуде маңызды рөл атқаратынына сенімдімін», – деді IBSA президенті Ілгар Рахимов.

Войдите, чтобы оставить комментарий