Қайрат Қожамжаров Мәскеуде бой тасалап жүр
Бір кездері Бас прокурор, Қаржы полициясының басшысы, Сенат депутаты және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған, еліміздің ең ықпалды тұлғаларының бірі Қайрат Қожамжаров қазір Мәскеуде бой тасалап жүр. Elmedia басылымының хабарлауынша, жемқорлық ісі бойынша күдікке ілінген экс-шенеунік Ресей астанасында тыңшылық өмір сүруге көшкен, деп жазады Politico.kz.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, Қожамжаров кем дегенде 2025 жылдың басынан бері Мәскеуде тұрады. Бірақ ол жалғыз емес. Экс-прокурор жат елге сүйікті жары, яғни тоқалы Маргарита Александровамен бірге қоныс аударған. Қостанай тумасы, ел арасында "Марго" лақап атымен танымал бұл келіншектен Қайрат Пернешұлының екі баласы бар.
Бір қызығы, кезінде құзырлы органдарды басқарған Қожамжаров қазір ізін жасырудың барлық амалын жасап жүрген көрінеді. Ол балаларын беделді гимназиядан өзі күтіп алады, оларға VIP-фастфудтан тамақ әпереді және із суыту үшін үйіне қымбат көлікпен емес, метромен қайтады.
Куәгерлердің айтуынша, ол өзін өте сақ ұстайды: үнемі жан-жағына жалтақтап қарайды және белгісіз себептермен телефонының SIM-картасын жиі ауыстырып отырады. Сарапшылар мұны оның қауіпсіздігіне алаңдауымен түсіндіреді. Тіпті оның курстасы, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің қамқорлығы да оған толық тыныштық сыйлай алмаған сыңайлы. Соңғы деректерге қарағанда, Мәскеудегі достары қауіпсіздік кепілдігін бере алмағандықтан, Қожамжаровтың Ресейден де кетуі мүмкін екені айтылуда.
Қайрат Қожамжаровтың қашқын өмірі қарапайым болғанымен, жиған-тергені орасан зор деген болжам бар. Кейбір деректер бойынша, ол мемлекеттік қызметте жүргенде 500 миллион долларға жуық байлық жинап үлгерген.
Бұл активтердің басым бөлігі оның ағасы, кәсіпкер Дулат Қожамжаровқа, балаларына және заңды жұбайы Салтанат Ахановаға жазылған. Айтпақшы, дәл осы Салтанат Аханованың Дубайдағы есепшотында 2011 жылдың жазында кенеттен 17 миллион доллар пайда болғаны туралы құжаттар да бар.
Бұдан бөлек, әлі расталмаған ақпаратқа сүйенсек, экс-шенеуніктің Нью-Йорктегі Бруклин ауданында жеке бизнес-орталығы болуы мүмкін. Ал оның тоқалы Маргоның Астанадағы мүлкі мен енесінің Қостанайдағы байлығы бөлек әңгіме.
Еске сала кетейік, былтыр журналистер Маргарита Александрова мен сол кездегі өңір басшысының екінші әйелі арасындағы жанжал туралы жазған болатын. Ол кезде бұл тұрмыстық даудың соққысы Қостанай қаласының әкіміне тиген еді.
Қазіргі таңда Қожамжаровтың ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр, ал оның Мәскеу метросындағы жасырын өмірі қоғамның қызу талқысына түсуде.
Соңғы жаңалықтар