«Қазақ тілімен қатар қолданылады»: Абаев елімізде орыс тіліне қандай құрмет көрсетілетінін айтты
Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев еліміздегі орыс тілінің рөлі мен екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар туралы пікір білдірді. Дипломат бұл мәселелерді «Ресей халықтары» халықаралық апталығы аясында өткен «Халықаралық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың форматтары, қатысушылары және болашағы» атты панельдік отырыста көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өз сөзінде елші Қазақстанның заманауи даму үрдістері мен өз құндылықтары арасындағы тепе-теңдікті ұстап отырғанын жеткізді.
«Қазақстанда бәрі өзгерді, сонымен бірге ештеңе өзгерген жоқ. Өзгерткіміз келгеннің бәрін өзгерттік, ал жақсы нәрселердің бәрін сақтап қалдық. Сондықтан Қазақстанға келсеңіздер, еліміз сіздерді жағымды жағынан таңғалдырады. Өйткені біз осы дұрыс тепе-теңдікті сақтауға тырысып келеміз», – деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ дипломат Қазақстандағы мәдени әртүрлілік пен тіл саясатына ерекше назар аударды.
«Біз Қазақстандағы мәдениеттердің алуан түрлілігін бағалаймыз. Біз орыс тілін айрықша бағалаймыз. Өйткені Қазақстанда орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады. Бұл – орыс тілінің Конституцияда бекітілген мәртебесі», – деп атап өтті ол.
Елшінің айтуынша, орыс тілінің қолданылу аясы білім беру саласындағы байланысты да арттырып отыр. Бүгінде Қазақстанның 60 мыңға жуық студенті Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуда, сонымен бірге елімізде ресейлік жетекші ЖОО-лардың филиалдары техникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша мамандар даярлап жатыр.
Дипломат екіжақты қарым-қатынасты тек ресми іс-шаралармен шектемей, мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін алға тартты. Оның пікірінше, премьералар мен көрмелер алмасумен қатар, шығармашылық өкілдеріне еркіндік беріп, бірлескен жаңа туындылар мен ортақ жобаларды қолға алған жөн.
Соңғы жаңалықтар