Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды – Тоқаев 

24.09.2026 12:01 Әсел МҰРАТ
Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды – Тоқаев 
270
Фото: Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің сессиясында мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілі елді біріктіріп, мемлекеттің негізін нығайтатын маңызды факторлардың біріне айналды. Ол соңғы жылдары мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

«Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады», – деді президент.

Тоқаевтың сөзінше, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі сұранысы артып, ана тілі ұлттық мәдениет пен болмысты танытудың маңызды құралына айналып отыр.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуын өзге тілдерден бас тартумен байланыстыруға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, Қазақстандағы барлық азаматтың тілдік құқықтары сақталуы керек.

Президент әлеуметтік желілерде ұлтараздықты қоздырып, қоғам арасына іріткі салуға тырысатын арандатушыларға да тоқталды. Ол мұндай әрекеттер елдің бірлігі мен тұрақтылығына қауіп төндіретінін айтып, оған құқық қорғау органдары мен қоғам бірге қарсы тұруы қажет екенін жеткізді.

«Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес әрекет ету қажеттігін айтқан Тоқаев тіл мәселесін қоғамды бөлуге пайдалануға жол бермеу керегін атап өтті.

Мемлекет басшысы тіл мәселесіне қатысты ұстанымын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, кез келген тіл адамзатқа берілген үлкен құндылық болғандықтан, белгілі бір тілге қарсы күрес жүргізу дұрыс емес.

Президент Қазақстанда түрлі этнос өкілдерінің қазақ тілін және мәдениетін насихаттап жүргенін оң бағалады. Ол осындай азаматтардың қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың?» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, мұндай азаматтар елдегі достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді және мемлекет тарапынан қолдауға лайық.

Сөз соңында президент «Ел бірлігі» орденіне қатысты ұсынысын айтты.

Тоқаев бірнеше жыл бұрын ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтарды марапаттау үшін арнайы «Ел бірлігі» ордені тағайындалғанын еске салды.

Мемлекет басшысының пікірінше, конституциялық мәртебесі бар әрі халық атынан өкілдік ететін орган ретінде Қазақстан Халық Кеңесі осы жоғары мемлекеттік наградаға лайықты кандидаттарды ұсынғаны жөн.

Президент бұл ұсынысты «дұрыс әрі әділетті» деп санайтынын айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий