"Қазақмыс" экологияға 829 млрд теңге бөледі
"Қазақмыс" корпорациясының Жезқазған мен Балқаш қалаларындағы мыс балқыту зауыттарында ауқымды экологиялық жаңғырту басталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жұмыс кәсіпорынның 2025 жылғы желтоқсанда алған арнайы экологиялық рұқсаты аясында жүріп жатыр. Жоспар бойынша өндіріс 2034 жылға дейін кезең-кезеңімен толық жаңарады. Бұл мақсатқа жалпы көлемі 829,6 млрд теңге инвестиция құйылады. Оның 511,6 млрд теңгесі Жезқазғандағы зауытты жаңғыртуға, ал қалған 318 млрд теңгесі Балқаштағы өндіріс орнына бағытталмақ.
Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң ауаға таралатын күкірт диоксиді жылына 70 мың тоннаға дейін азаяды. Ластаушы заттардың жалпы көлемі 70%-ға, ал бейорганикалық шаң шығарындылары 99,6%-ға қысқарады. Осының есебінен өндірілетін өнімнің көміртек ізі де едәуір төмендейді.
Бағдарламадағы басты жобалардың бірі құны $200 млн болатын Жезқазғандағы жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы. Мұндағы заманауи технология күкірт диоксиді шығарындыларын екі еседен астам азайтуға және зауытты толықтай экологиялық талапқа сай етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өндірісті мазуттан газға көшіру жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Қазірдің өзінде Жезқазғандағы мыс балқыту зауыты мен байыту фабрикаларында 20 нысан газға қосылған. Құны $4 млн болған бұл жоба парниктік газ шығарындыларын айтарлықтай қысқартқан.
Қазіргі таңда компанияда 2035 жылға дейінгі экологияны дамыту және көміртексіздендіру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы озық технологиялар мен ESG қағидаттарына негізделген.
"Өндірістің қоршаған ортаға түсіретін әсерін азайту «Қазақмыс» Тобы жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Компания экологиялық жаңғыртуды өндірістік алаңдарды ұзақ мерзімді дамытудың маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Осы мақсатта өндірістік активтерді кезең-кезеңімен жаңартып, озық қолжетімді технологияларды енгізуде, сондай-ақ энергия тиімділігін арттырып, экологиялық бақылаудың цифрлық жүйесін дамытып жатыр. Бұл шаралар шығарындылар көлемін қысқартуға, өндірістің көміртек ізін азайтуға және компания қызмет атқаратын өңірлердегі өндірістік үдерістің сенімділігін арттыруға бағытталған", – деп мәлімдеді "Қазақмыс" корпорациясы.
Соңғы жаңалықтар