Қазақмыс пен әкімдік Жезқазғанда стадион салуға келісті

19.08.2026 13:43 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс пен әкімдік Жезқазғанда стадион салуға келісті
66
Фото: KAZAKHMYS

Жезқазған қаласында 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы мен заманауи теннис орталығы бой көтереді. Бұл жобаларды Қазақмыс корпорациясы мен Ұлытау облысының әкімдігі бірлесіп жүзеге асырмақ, деп хабарлайды Politico.kz.

Екі жақты өзара түсіністік пен ынтымақтастық меморандумына Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды. Аталған құжат Жезқазғанның спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Сонымен бірге тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасап, балалар мен жасөспірімдер спортын өркендетуді көздейді.

«Жезқазған қаласында жаңа теннис орталығы мен 6 мың көрерменге арналған стадион салуды жоспарлау жөніндегі меморандумға қол қойдық. Бұл нысандар қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға спортпен тұрақты айналысуға жаңа мүмкіндіктер береді. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл және 2027 жылы өңірімізде 25-тен астам ірі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы басталады. Біздің басты міндетіміз – облысқа инвестиция тарту қарқынын бәсеңдетпей, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нақты нәтижесін халыққа сезіндіру», – деді облыс әкімі Есет Байкен.

Қуаты 6 мың орындық жабық футбол стадионын 2027–2028 жылдары салу жоспарланған. Жаңа нысан жергілікті футбол командалары мен спорт мектептерінің жыл бойы жаттығу өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұнда облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Нысанның әмбебап форматы кез келген ауа райында ірі спорттық, қоғамдық және мәдени шараларды өткізуге жағдай жасайды.

Заманауи теннис орталығының құрылысы 2026–2028 жылдарға мөлшерленіп отыр. Жоба аясында жабық және ашық теннис корттары, әкімшілік-тұрмыстық кешен мен жаттығу залдары салынады. Сонымен бірге спортшыларға медициналық қолдау көрсетуге және жаттығудан кейін қалпына келуге арналған бөлмелер қарастырылған. Бұл орталық балалар мен жастар арасында теннисті дамытатын басты базаға айналады.

«Қазақмыс үшін Ұлытау облысы – компанияға қатысы бар негізгі өңірлердің бірі. Бұл жерде біздің жұмыскерлер өмір сүріп, олардың отбасы, бала-шағасы өсіп-өніп жатыр. Сондықтан біз үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарға жаңа мүмкіндік сыйлаудың маңызы зор. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қажетті және өңірдің игілігі үшін ұзақ жылдар бойы қызмет ететін заманауи инфрақұрылым қалыптастыру», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Қол қойылған құжат жобаларды практикалық тұрғыдан пысықтаудың келесі кезеңіне жол ашады. Енді Қазақмыс пен облыс әкімдігі болашақ нысандардың негізгі техникалық-экономикалық талабын, сәулеттік келбеті мен сипаттамасын айқындайды. Футбол стадионы мен теннис орталығын жобалау кезеңі аяқталған соң, оларды қаржыландыру көлемі компанияның өңірдегі әлеуметтік инвестициясының жалпы бюджетіне қосымша енгізіледі.

Бұдан бөлек, 2026–2027 жылдары Жезқазғанда Қазақмыс компаниясының бірқатар инфрақұрылымдық жобалары іске қосылады. Олардың қатарында мешіт пен Конгресс-орталық салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет нысандарын жөндеу және Кеңгір су қоймасының жағалауын көркейту жұмыстары бар. Бұл бастамалар Қазақмыстың өзіне қатысы бар өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Войдите, чтобы оставить комментарий