Қазақмыста жаңа тәртіп енді

01.06.2026 15:20 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыста жаңа тәртіп енді
74
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс» корпорациясында өндірістегі аса қауіпті тәуекелдерді басқаруға бағытталған жаңа жоба іске қосылды, деп хабарлайды Politico.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қауіпсіздік жылы аясында басталған алты айлық науқан барлық өндірістік бөлімшелерді қамтып, жұмысшылар арасында қауіпсіз мінез-құлық дағдысын қалыптастыруды көздейді.

Ішкі деректерді талдау нәтижесінде компания негізгі стандарттардың мазмұнын өзгертпей, оларды тәжірибеде қолдануға барынша ыңғайлы әрі қарапайым етіп қайта жазып шыққан.

Әр ай сайын жаңа тақырыпты қамтитын бағдарламаның алғашқы бағыты ретінде жабдықты жөндеу кезіндегі қауіпті энергия көздерін оқшаулау мәселесі таңдалып, онда бұғаттаусыз жұмысқа кіріспеу қағидасы бекітілген.

Бұл жүйеге сәйкес жабдықты іске қосу құрылғысы жеке қорғаныс құлпымен жабылады және жұмысты атқарып жатқан қызметкер оны өзі шешпейінше техниканы кездейсоқ қосып жіберу мүмкін емес.

«Біздің басты мақсатымыз – ауысым соңында әрбір жұмыскердің өз отбасына аман-есен оралуына жағдай жасау. Біз тікелей әрі түсінікті коммуникация форматына көшіп жатырмыз. Компания жұмыскерлерді барлық қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етеді, алайда ереженің қайғылы жағдайдың алдын алатын тосқауылға айналуы әр адамның тәртібіне байланысты. Сондықтан корпорацияның әрбір жұмыскері қауіпсіздік талабы бұзылған жағдайда кез келген жұмысты тоқтатуға құқылы және бұл оның тікелей міндеті», – деді еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Жанбек Есмаханов.

Өндірістегі оқыс оқиғаларды талдауға негізделген бұл науқан қауіпті энергиямен жұмыс істеу кезінде қуат көзін анықтап ажырату, қалдық қысымды түсіру және жұмыс алдында тексеру сияқты нақты ережелерді қамтиды.

Осылайша компания қауіпсіздік талаптарын жұмысшылардың күнделікті дағдысына айналдырып, барлық өндірістік нысанда қорғаныс деңгейін барынша арттыруды жоспарлап отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий