Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кірді

04.02.2026 11:49 Нақыпбек Фатима
Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кірді
50
Фото: Максим Золотухин

Қазақстан экономикалық қуаты жағынан әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Беделді Financial Times басылымының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 319 миллиард долларға жеткен. Бұл көрсеткіш Қазақстанға посткеңестік кеңістіктегі ең қарқынды дамушы елдердің бірі атануға мүмкіндік берді. Былтыр экономикалық өсім 6,5 пайызды құрады. Бұл Ресей мен ТМД елдеріндегі әріптестерден және әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Экономикалық өсімге негізінен өнеркәсіп пен өңдеу саласындағы оң өзгерістер түрткі болған. Мәселен былтыр өнеркәсіп өндірісі 7,4 пайызға артса, оның ішінде машина жасау саласы 12,9 пайызға өскен. Көлік саласы жүк тасымалының артуы есебінен 20 пайыздан астам өсім көрсетті. Бұған Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір ретіндегі рөлінің күшеюі септігін тигізді.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы он жылда экономика құрылымы айтарлықтай өзгерген. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, шикізатқа тәуелділік біртіндеп азайып келеді. Әсіресе жеңіл автокөлік өндірісі төрт есеге ұлғайып, былтыр 159 мың көлік құрастырылды. Экспортта да шикізат емес, дайын өнімдердің үлесі артқан.

Елге тартылған инвестиция көлемі де ұлғайып жатыр. Мәселен PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы ең ірі зауыт құрылысына 160 миллион доллар қаржы құйды. Ал Mars компаниясы үй жануарларына арналған азық шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Оның инвестиция көлемі шамамен 180 миллион долларды құрайды. Сондай-ақ John Deere техникаларын оқшаулау жобалары іске қосылды.

Халықаралық валюта қорының дерегінше, Қазақстан өңірдегі экономикалық көшбасшы саналады. Салыстырмалы түрде айтсақ, Өзбекстанның ішкі жалпы өнімі 159 миллиард доллар болса, Әзірбайжанда бұл көрсеткіш шамамен 80 миллиард доллар шамасында.

Үкімет инвесторларға қолайлы жағдай жасауды жалғастыруда. Алдағы жылдарға арналған бюджетте әлеуметтік салаға басымдық берілген. 2026 жылы бюджеттің 39 пайызы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдауға жұмсалады деп жоспарланған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий