Қазақстан аумағында әскери техникалар жаппай тасымалданады – министрлік халыққа ескерту жасады
Биылғы тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанның барлық аймағында қару-жарақ, әскери техника мен жеке құрам жаппай тасымалданады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлайды, деп жазады Politico.kz.
Бұл ауқымды қозғалыс биыл өтетін «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық шараларымен тікелей байланысты.
Ведомствоның мәліметінше әскерлерді тасымалдау теміржол эшелондары мен жалпыға ортақ тасжолдар арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар бұл іске майдандық және армиялық авиация күштері де жұмылдырылып, әскери лектер жауынгерлік даярлық өтетін аудандарға аралас тәсілмен кезең-кезеңімен жеткізілмек.
Еліміздің барлық өңіріндегі полигондарды қамтитын бұл кешенді жаттығу Қарулы күштердің қазіргі жағдайдағы жауынгерлік міндеттерге дайындығын тексеруді көздейді. Оқу-жаттығу барысында әскери басқару органдары құрлықта, әуе кеңістігінде, теңіз бен киберкеңістікте бірыңғай жедел іс-қимылды ұйымдастыру тәсілдерін пысықтайды. Жоспарлы шаралар Қарулы күштер түрлері мен арнайы әскерлердің бірлескен іс-әрекетін нығайтып, заманауи соғыс әдістерін жетілдіруге бағытталған.
Осындай ауқымды әскери іс-шараларға байланысты министрлік азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін сабыр сақтап, тек ресми мәліметтерге ғана сүйенуге шақырды. Сондай-ақ ведомство жалған және шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқан тұлғалар ел заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті.
Соңғы жаңалықтар