Қазақстан өндірісі ауыр қол еңбегінен цифрлық технологияға көшуде

11.06.2026 15:07 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстан өндірісі ауыр қол еңбегінен цифрлық технологияға көшуде
71
Фото: Shutterstock

Қазақстанның тау-кен және металлургия саласында ауыр физикалық жұмыс тарихқа айналып барады. Отандық өнеркәсіп орындары өндірісті жаппай автоматтандырып, басты назарды жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ қолайлы еңбек жағдайын жасауға бұрды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұрын кәсіпорындарды жаңғырту тек өндіріс көлемін арттырумен өлшенсе, қазір басты назарда адам. Компаниялар процестерді автоматтандыруға, техниканы қашықтан басқаруға және цифрлық бақылауға белсенді түрде инвестиция құюда. Бұл өнімділікті арттырып қана қоймай, ондаған жылдар бойы саланың ажырамас бөлігі саналып келген ауыр операциялардан біртіндеп бас тартуға жол ашты.

Технологиялық жаңарудың ауқымды үлгісін «Қазақмыс» корпорациясы көрсетіп отыр. Биыл компания 30 тау-кен жабдығын алмастырады. Алдағы үш жыл ішінде тағы 157 заманауи техника сатып алу жоспарланған. Жабдықтарды жаңартуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 28,8 млн доллар жұмсалады. Жаңа бұрғылау қондырғылары мен жүк тиеу машиналары өндірістік процестерді тез, қауіпсіз әрі жұмысшыларға физикалық салмақ салмай орындауға мүмкіндік береді.

Ауыр қол еңбегін қысқарту бағытында нақты нәтижелер бар. Соңғы екі жылда компания кәсіпорындарында 19 автоматтандыру жобасы іске асырылды. Нәтижесінде ауыр жұмыс көлемі жылына 300 мың адам-сағатқа азайды.

Электромиксерлерді жаңғырту осының айқын дәлелі. Автоматтандырылған көтеру механизмдері орнатылғаннан кейін, бұрын 5-6 адам атқарған ауыр жұмысты қазір бір ғана оператор басқарады. Өндіріс алаңдарында JumboFlex вакуумдық көтергіштері мен радио арқылы қашықтан басқарылатын тиегіштер қолданысқа енді. Бұл жұмысшылардың қауіпті аймақтармен тікелей байланысын толық жояды.

Техниканы цифрландыру жұмыстары да қарқын алды. Қазір 181 жабдыққа телеметрия және мониторинг жүйелері орнатылған. Олар машиналардың техникалық жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап, операторлардың әрекетін талдайды және қауіпті жағдайлардың алдын алады.

Жаңғырту жұмыстары өндірістік инфрақұрылымды да қамтиды. Ең ірі жобалардың қатарында Балқаш мыс қорыту зауытын жаңарту бар. Оған құйылатын инвестиция көлемі 0,8–1,2 млрд долларға бағаланады. Онымен қоса, Жезқазған мыс қорыту зауытында құны 70 млн долларға дейін баратын заманауи газ-поршеньді электр станцияларын салу жобалары жүзеге асырылуда.

Бұл өзгерістер өнеркәсіпті дамытудың жаңа тәсілін көрсетеді. Бұрын тиімділіктің басты көрсеткіші өндіру мен өңдеу көлемі болса, бүгінде қауіпсіздік, экология және қолайлы еңбек жағдайы бірінші орынға шықты.

Кәсіпорындарда ауыр физикалық еңбектің орнын заманауи машиналарды, цифрлық жүйелер мен автоматтандырылған кешендерді басқару басып, жаңа өндірістік орта қалыптасуда. Мұндай тәсіл өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, саланы кәсіби болашағын жоғары технологиялық кәсіпорындармен байланыстыратын жас мамандар үшін тартымды ете түсті.

Сондықтан жаңғыртуға салынған қаражат бүгінде тек жабдыққа жұмсалған шығын емес, жұмысшылардың өмір сүру сапасы мен өңірлердің тұрақты дамуына құйылған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырылады.

Войдите, чтобы оставить комментарий