Қазақстанда алғаш рет дропперлік үшін іс қозғалды

Қазақстанда алғаш рет дропперлік үшін іс қозғалды
23.10.2025 17:57
0
129
фото: Алматы қаласының Полиция департаменті

Алматыда өз банктік деректемелері мен QR-кодын заңсыз ақша аударымдары үшін бөгде адамдарға берген жеке кәсіпкер әйелге қатысты Қазақстанда алғаш рет қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Алматы қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл іс Қазақстанда жаңа заң нормасы бойынша қозғалған алғашқы қылмыстық іс.

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің жаңадан енгізілген 232-1-бабы «Банктік немесе тіркеу деректерін құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалану үшін беру» бойынша айып тағылды.

Тергеу барысында әйелдің өз атына тіркелген кәсіпкерлік шот деректері мен QR-кодын белгісіз тұлғаларға бергені анықталған. Кейін осы деректер арқылы күмәнді қаржылық операциялар жасалған. Полиция жедел шаралар жүргізіп, әйелді ұстаған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.

Алатау аудандық полиция басқармасының міндетін атқарушы Тимур Мулинов бұл істің ел бойынша алғаш рет тіркелгенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа бап алаяқтық тізбегінде бұрын жауапкершіліктен тыс қалып келген тұлғаларды да жазалауға мүмкіндік береді.

Полиция азаматтарға өздерінің банк деректерін немесе электрондық әмияндарын ешкімге бермеуді қатаң ескертеді. Мұндай әрекеттердің өзі, тіпті адам тікелей пайда көрмесе де, қылмысқа қатысу ретінде қарастырылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, «дроппер» - бұл алаяқтар ұрланған ақшаны аудару, қолма-қол ақшаға айналдыру немесе транзиттеу үшін пайдаланатын банктік картасы, шоты немесе электрондық әмияны бар адам. Дропперлерге қылмыстық жауапкершілік Қазақстанда 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап енгізілген болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий