Қазақстанда газ өндіру көлемі азайып, халыққа арналған тариф 15 пайызға қымбаттады

08.06.2026 14:28 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстанда газ өндіру көлемі азайып, халыққа арналған тариф 15 пайызға қымбаттады
91
Фото: QazaqGaz Aimaq

Қазақстанда биыл табиғи газ өндіру көлемі айтарлықтай төмендеп, халық тұтынатын көгілдір отын бағасы 15 пайызға қымбаттады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Energyprom.kz мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Салалық агенттіктің дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар мен сәуір айлары аралығында елімізде 8,4 млрд текше метр табиғи газ өндіріліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,6 пайызға төмендеген.

Мамандардың мәліметіне қарағанда, соңғы бірнеше жыл қатарынан тұрақты өсім көрсеткен газ өндірісі биыл күрт азайып, 2025 жылы тіркелген 9,6 млрд текше метрлік рекордтық деңгейден айтарлықтай төмен түсті.

Өндірістің қысқаруымен қатар тұтынушыларға берілетін газдың тарифі де тұрақты түрде өсіп келеді. Биыл мамыр айының қорытындысы бойынша тарату желілері арқылы жеткізілетін көгілдір отын бағасы 1 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 15 пайызға артты. Жалпы газдың қымбаттауы кейінгі жылдардағы тұрақты тенденцияға айналып үлгерді. Егер 2021 жылы баға небәрі 0,3 пайызға өссе, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш еселеп артып, 2024 жылы 9,1 пайызды, ал биыл 15 пайызды құрады.

Аймақтар бойынша ең үлкен баға өсімі Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп, мұнда газ бірден 63,4 пайызға қымбаттады. Бұдан бөлек тариф Атырау облысында 42,9 пайызға, Қызылорда облысында 21,1 пайызға, сондай-ақ Алматы қаласы мен Жетісу облысында 19,1 пайызға өсті. Тек Ақмола облысында ғана баға 1 жыл ішінде еш өзгеріссіз қалды.

Ұзақ мерзімді перспективада қарасақ, соңғы 10 жылда газ тарифі 2,5 есеге өскенін байқауға болады. Мәселен 2016 жылдың сәуірінде 1 текше метр газдың орташа бағасы 15,35 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 39,05 теңгеге жетіп отыр. Әсіресе 2020 жылдан кейінгі уақытта бағаның 2 еседен астам өскенін көруге болады.

Дегенмен тарифтің өсуіне қарамастан, Қазақстан әлі де халық үшін табиғи газ ең қолжетімді елдердің қатарында қалып отыр. Әлемдік орташа бағамен салыстырғанда біздің елдегі газ құны шамамен 12 есе арзан. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда тұрмыстық тұтынушылар үшін газ бағасы кВт·сағ шамамен $0,007 құрайды. Бұл ретте көршілес Өзбекстанда бұл көрсеткіш $0,008 болса, Ресейде $0,012, Қырғызстанда $0,025 шамасында. Әлем бойынша ең қымбат көгілдір отын Швецияда $0,233 құраса, Бразилияда бұл көрсеткіш $0,219 деңгейінде тіркелген.

Осылайша газ нарығындағы жағдай қарама-қайшы сипатқа ие болып отыр. Еліміз халыққа ең арзан газ беретін мемлекеттердің бірі болғанымен, қазір өндіріс көлемі азайып, ішкі баға тоқтаусыз өсіп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий