Қазақстанда оқушыларды мектептен шыға сала шенеунік болуға дайындайды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай еліміздің оқушылары жоғары сыныптан бастап мемлекеттік қызметке дайындалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәжілісте мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова болашақ мамандарды оқытуға бөлінетін білім гранттары туралы мәселе көтерді. Нұрымова қазіргі таңда жалпы қызметкерлердің небәрі 17 пайызын жастар құрайтынын алға тартып, мектеп түлектерін оқуға қабылдау тәртібі мен стипендия жайын сұрады.
Сауалға жауап берген Дархан Жазықбай бүгінде елімізде 27,5 мыңнан астам жас маман мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргенін жеткізді. Ол кадрлық резервті толықтыру үшін шетелдік тәжірибе қолданылатынын атап өтті.
«Бізде жас кадрлар резерві бар. Сондықтан біз Сингапур моделін пайдалана отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін 10 және 11 сынып оқушыларын тартқымыз келеді. Осындай жастарды мектеп қабырғасынан бастап білім беру гранттары арқылы қабылдаймыз. Біз мемлекеттік қызметке қандай мамандықтар қажет екеніне талдау жасадық, енді дәл сол сұранысқа ие бағыттар бойынша жастарды мектептен бастап дайындаймыз», – деді агенттік басшысы.
Оның сөзінше, жас мамандар оқуын аяқтап, елді мекендерде 2 немесе 3 жыл жұмыс істегеннен кейін Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттыра алады. Тәжірибе жинақтаған кадрларды осыдан кейін басшылық қызметтерге тағайындау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметшілерге жұма күндері демалыс беріп, бұл уақытты кітап оқуға арнау туралы ұсыныс жасады.
Соңғы жаңалықтар