Алматыдағы РФММ асханасынан ішек таяқшасы, қызметкерлерінен стафилококк табылды
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) оқушылар жаппай ауырғаннан кейін асханадан ішек таяқшасы анықталды. Ал асханада жұмыс істейтін төрт қызметкерден стафилококк бактериясы табылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. Мамандар оқушылардың жаппай ауыруына байланысты мектеп асханасына тексеру жүргізген.
Тексеру кезінде азық-түлік жеткізушілер, өндірушілер және өнімдердің тасымалдануы мен сақталу жағдайы зерттелген. Науқас оқушылар мен асхана қызметкерлері де тексеруден өткен.
12-15 қазан аралығында зертханаға дайын тағамның жеті сынамасы, дайын өнімнің екі және шикі өнімнің үш сынамасы жіберілген. Бұған қоса ыдыстар мен түрлі беттерден 30 сынама, судан бес, залалсыздандыру құралдарынан екі сынама алынған.
Зерттеу нәтижесінде кейбір дайын тағамдардан микробтар, ал тағам үлгілері мен ыдыстардан алынған сынамалардан ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар анықталған. Залалсыздандыруға арналған жұмыс ерітіндісі де белгіленген талаптарға сай болмаған.
Мамандар асхананың 38 қызметкерін патогенді стафилококк пен ішек инфекцияларының қоздырғыштарына тексерген. Нәтижесінде төрт адамнан 10³ концентрациясында Staphylococcus aureus бактериясы анықталып, олар бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен уақытша жұмыстан шеттетілген.
Тексеру кезінде асханадағы басқа да заңбұзушылықтар белгілі болды. Азық-түлікті сақтау, тамақтандыруды ұйымдастыру, құжаттарды жүргізу және асүй жабдықтарын таңбалау талаптары сақталмаған.
Қажетті жабдықтар мен тағам өнімдерінің сапасы және қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмаған. Асханада берілген тағамдар құжаттағы мәзірге сәйкес келмеген, ал алдын ала жасалатын мәзір мүлде болмаған.
Мамандар оқушылардың денсаулығын медициналық бақылауды ұйымдастырудан да кемшіліктер тапқан.
Департаменттің мәліметінше, ауырған оқушылардың барлығы мектеп-интернат асханасында тамақтанған. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі ауруды тауық етінен жасалған рулет пен бешбармақ жегенімен байланыстырған.
Санитариялық мамандар инфекцияның көзі мен таралу жолдары анықталғанын хабарлады. Олардың мәліметінше, ішек инфекциясы фекальды-оральды жолмен, яғни тағам арқылы жұққан.
13 қазандағы қаулыларға сәйкес, оқушыларды тамақтандырған «MasterFood» ЖШС асханасы мен мектеп-интернаттың ас блогының жұмысы 60 күнге тоқтатылған.
Асхана анықталған заңбұзушылықтарды толық жойғаннан кейін ғана қайта жұмыс істей алады. Ол үшін уәкілетті орган жоспардан тыс тексеру жүргізіп, санитариялық талаптардың орындалғанын растауы керек.
Қайта тексеру кезінде асхана бөлмелері мен жабдықтардың тазалығы, азық-түлікті сақтау және дайындау жағдайы, тамақтандыру талаптарының сақталуы бағаланады.
Тексеру қорытындысы бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылған. РФММ-ге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі, ал «MasterFood» ЖШС-не қатысты осы баптың 2-бөлігі бойынша хаттама жасалған.
Оқушылардың жаппай улануына байланысты Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс те тіркелген.
Департаменттің хабарлауынша, қазір аурудың таралуы тоқтатылған. Медициналық бақылауда болған 961 адам арасында жаңадан ауырғандар тіркелмеген.
Ауруханаға жатқызылған 58 науқастың барлығы 16-22 қазан аралығында қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылған. Ауруханаға жатудан бас тартқан тағы екі адам амбулаториялық ем алған. Олардың да жағдайы қанағаттанарлық, шағымдары жоқ.
Мектептің интернаты, оқу ғимараты мен асханасында қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру әлі жалғасып жатыр.
Еске салайық, 14 қазанда РФММ-нің 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны хабарланған еді. Осыдан кейін мектепте эпидемияға қарсы шаралар ұйымдастырылып, Денсаулық сақтау министрлігі асханадан санитариялық талаптардың бұзылғанын анықтаған.
Соңғы жаңалықтар