Қазақстандықтардың жеке деректері жабық сайт арқылы сатылған

17.06.2026 08:48 Әсел МҰРАТ
Қазақстандықтардың жеке деректері жабық сайт арқылы сатылған
170
Фото: видеодан скрин

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және қадағалау органымен, сондай-ақ Чехия полициясымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның нәтижесінде Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық арна жойылды.

«Жедел-іздестіру жұмыстары, мұқият жоспарлау және құқық қорғау органдарының үйлестірілген іс-қимылдарының нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, жолы кесілді. Сонымен қатар қылмыстық іс бойынша күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехияның Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жұмыстары жүргізілді. Тергеу әрекеттері барысында заңсыз қызметтің дәлелдерін қамтитын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар, сондай-ақ қолма-қол ақша тәркіленді», - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай. 

ІІМ мәліметінше, қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыру үшін күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттердің азаматтарына қатысты жеке деректер орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған. 

Топ ішінде нақты иерархиялық құрылым болған: әрбір қатысушы өзіне жүктелген міндетті атқарған. Олар қылмыстық схеманы үйлестірушілерден бастап, жеке деректерді заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдейтін операторларға дейінгі қызметтерді орындаған. 

Заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған. 

«Әртүрлі заңсыз қызмет түрлеріне, оның ішінде бір реттік сұраныстар мен ресурсқа абоненттік қолжетімділікке арналған арнайы баға тізімі белгіленген. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда» - деді Жандос Сүйінбай.

Войдите, чтобы оставить комментарий