Қазақстанның қатаң мәлімдемесінен кейін де КҚК танкеріне қайта шабуыл жасалды
Қазақстанның мәлімдемесіне қарамастан КҚК танкеріне тағы да шабуыл жасалды, деп хабарлайды Politico.kz.
20 шілдеге қараған түні ұшқышсыз ұшу аппараты Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында тиеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мұнай танкеріне қайта шабуыл жасады. Қазақстанның Энергетика министрлігі өрттің жедел түрде сөндірілгенін, зардап шеккендердің жоқ екенін мәлімдеді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 19 шілдеден 20 шілдеге қараған түні ұшқышсыз ұшу аппараты КҚК теңіз терминалындағы қашықтағы айлақ құрылғысында (ВПУ-1) мұнай тиеп жатқан «NELSA» танкеріне шабуыл жасаған.
Шабуыл салдарынан кемеде өрт шыққан. Өрт қысқа мерзім ішінде толық сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ, сондай-ақ мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген.
Қазір мамандар танкердің техникалық жай-күйін және болған оқиғаның салдарын бағалап жатыр.
Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумымен тұрақты байланыста екенін хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымы арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды қатаң айыптап, мұндай әрекеттерді елдің экономикалық мүдделеріне қол сұғу деп бағалаған болатын. Соған қарамастан, Қазақстан тарапының ресми мәлімдемесінен бір тәулік өтпей жатып, КҚК-ның мұнай танкері тағы да шабуылға ұшырады.
Соңғы жаңалықтар