Қазақстанның ЖІӨ екі айда 5,4%-ға өсті

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі биылғы жылдың алғашқы екі айында 5,4%-ға өсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың қатысуымен өткен үкіметтік экономикалық блоктың отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, экономиканың өсуіне негізгі үлесті тауар өндірісі мен қызмет көрсету саласы қосты. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі жалпы алғанда 5,7%-ға артса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі ерекше қарқынмен, 8,9%-ға өсті.
Өңдеу өнеркәсібінің ішінде өсім бойынша көш бастаған салалар:
- Машина жасау – 18,2%;
- Құрылыс материалдары өндірісі – 21,6%;
- Металл бұйымдары – 20,1%;
- Тамақ өнімдері өндірісі – 13,1%;
- Химия өнеркәсібі – 9%.
Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібінің өсімі 4,1%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 408,1 млрд теңгеге жетті (нақты көлем индексі – 112,8%). Сауда саласындағы өсім 6%-ды көрсетсе, көлік қызметі мен қойма қызметі бірден 21,3%-ға артты.
Жекелеген тауарлардың экспорты мен тасымалы да ерекше өскен:
- Астық тасымалы 43%-ға өсіп, 2,4 млн тоннаға жетті;
- Құрама жем экспорты 5 есе артты (273 мың тоннаға дейін);
- Өсімдік майы – 28% (94 мың тоннаға дейін);
- Фармацевтикалық тауарлар – 44,6%-ға;
- Автокөліктер – 38,8%-ға өсті.
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет мүшелеріне экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсуін қамтамасыз ету және президент тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтар





