Қорғаныс істері департаментінің басшысы қызметінен босатылып, үстіне іс қозғалды

12.02.2026 15:41 Арман Ермеков
Қорғаныс істері департаментінің басшысы қызметінен босатылып, үстіне іс қозғалды
367
Фото: Павлодар облысы ӨКҚ

Павлодар облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бұрынғы басшысы Бекзат Оразовқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аймақтық департаменті тарапынан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Politico.kz.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің ресми мәліметіне сәйкес, Қорғаныс министрінің тапсырмасымен жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесінде, подполковник Б.Оразов 2026 жылғы 6 ақпанда атқаратын лауазымынан шеттетілді.

ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаменті подполковнигке қатысты қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бекзат Оразовқа қатысты туындаған жағдай бағынышты жеке құрамға тиісті бақылаудың болмауымен немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатыстылық ықтималдығымен байланыстырылуда.

Kerek.pv арнасының мәліметінше, бұл оқиғадан бірер күн бұрын, 2026 жылғы 4 ақпанда аталған департаменттің бұрынғы офицері Нұрғали Наурызбай Бауыржанұлына қатысты сот үкімі шыққан болатын. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша айыпты деп танылған әскери қызметкерге пара ретінде алған қаражаттың сегіз еселенген мөлшерінде, яғни 28 464 750 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, сот үкімімен ол "лейтенант" әскери атағынан айырылып, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда қызмет атқару құқығынан өмір бойына шеттетілді.

Арнаның мәлімдеуінше, сотталған офицер ақшалай сыйақы үшін азаматтарды денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босату және әскери билет рәсімдеу бойынша заңсыз қызметтер көрсеткен.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий