Қостанайда қайын жұрты мен келінінің жанжалы қылмыстық іске ұласты

25.08.2026 10:21 Қарақат АСЫЛОВА
Қостанайда қайын жұрты мен келінінің жанжалы қылмыстық іске ұласты
119
Фото: Бейнеден кадр

Қостанайда аулаға жайылған киім үшін келіні мен қайын жұрты арасында дау шығып, арты қылмыстық іске ұласты, деп хабарлайды Politico.kz.

Заңгер Сәуле Бикитееваның мәліметінше, оқиғаға келіннің жуылған киімдерді үй алдына жайып қоюы себеп болған. Бұған ашуланған қайын әпкелері келіп, жанжал шығарған. Олар үйдің терезесін шағып тастаған. Желіде таралған бейнежазбада белгісіз адамдардың әйнек сындырып жатқанын көруге болады.

Айтуынша, келіншек бұған дейін де зорлық көргенін айтқан. Ол полицияға қоңырау шалып, арыз жазғанымен тәртіп сақшылары келмеген. Сондай-ақ оның шағымын ешкім қабылдамаған.

Қостанай облысы Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты мәлімет берді. Ведомствоның хабарлауынша, 22 тамызда 57 жастағы тұрғын мен оның 24 жастағы келіні арасындағы дау туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы дереу барған. Тексеру кезінде күйеуі тұрып жатқан үйдің әйнегін үй иесінің қызы сындырғаны белгілі болды.

Қазір дене жарақатын келтіру фактісі бойынша екі әйелге де қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары жанжалға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетінін жеткізді. Сонымен қатар екі әйелге бір-бірімен араласуға тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылды. Қазіргі таңда қажетті тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий