Жұмысшыларды ереуілге итермелеген бе: Жаңаөзенде атышулы ұстау операциясы туралы ақпарат шықты
Жаңаөзен қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, ауқымды ұстау операциясын өткізді. Бұл туралы белгілі блогер әрі белсенді Азамат Сәрсенбаев жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәліметке сәйкес, құрықтау шаралары барысында «Jana Oil Service» ЖШС (бұрынғы «Кезби») басшылары қолға түскен.
«Тараған ақпарат бойынша, мердігер ұйымдардың басшылығымен сөз байласып, өңірде ереуілдер ұйымдастырып келген қылмыстық топ ұсталған. Дереккөздердің хабарлауынша, олар кәсіпорын ұжымын жаппай наразылыққа айдап салып, сол арқылы тапсырыс беруші тарап – «Өзенмұнайгаз» АҚ-дан қосымша қаржы өндіріп алуды көздеген», - деп жазды блогер.
Айта кетейік, өткен жылы «Кезби» ЖШС мұнай-сервистік компаниясының бұрынғы басқарушы директоры Ержан Кезбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Сот оны аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды және салық төлеуден жалтарды деп таныған еді.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қатысты істің мән-жайын білу үшін Politico.kz редакциясы ҰҚК мен Маңғыстау облысы полициясына ресми сұрау жолдадық. Әзірге ресми органдардан жауап келген жоқ.
Соңғы жаңалықтар