Қожамжаровтың тағы бір адамына үкім шықты

29.12.2025 16:54 Арман Ермеков Арман Ермеков
Қожамжаровтың тағы бір адамына үкім шықты
0
335
Фотоколлаж: Politico.kz

«Қорғас ісі» бойынша Қайрат Қожамжаровтың тағы бір сыбайласына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elmedia.

Алматы қаласының Медеу аудандық №2 соты Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы тергеушісі Жандос Арыпқа қатысты үкім шығарды. Қаржы полициясының бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровтың командасында қызмет еткен ол атышулы «Қорғас ісі» бойынша құжаттарды бұрмалағаны үшін айыпты деп танылды.

Фото: Elmedia. Суретте: Жандос Арып пен Қайрат Қожамжаров

Тергеу материалдарына сәйкес Жандос Арып 2011-2012 жылдары қаржы полициясына жұмысқа орналасқаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері Талғат Жақаев пен Ирлан Әбдірахмановты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдемелерді қолдан жасаған. Арып басшылықтың, нақтырақ айтқанда бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновтің тікелей тапсырмасымен Алматы мейрамханаларының бірінде түсірілген бейнежазбаны фальсификациялап онда ұйымдасқан қылмыстық топ серкесі Талғат Қайрбаев комитет қызметкерлерімен кездесті деп көрсеткен.

Шын мәнінде бейнежазбада мүлдем басқа адамдар болғаны кейін расталды. Сонымен қатар ҰҚК офицерлерінің сол уақытта Алматыда болмағаны іссапар құжаттары мен телефон биллингі арқылы толық дәлелденді. Осыған қарамастан жалған ақпарат сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндалып, марқұм журналист Геннадий Бендицкийдің «Час Бенедиктова» бағдарламасы арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылды. Нәтижесінде комитет қызметкерлері контрабандашыларға құпия деректерді берді деген желеумен қамауға алынған еді.

Тіпті шындық ашылғаннан кейін де қазіргі Алматы қаласы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаевтың тікелей араласуымен олардың қамаудағы мерзімі бірнеше рет негізсіз ұзартылған. 2023 жылы Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобы қайта бастаған іс биыл сотқа жетті. Судья Жомарт Мұхамбетжан бастапқыда істі қосымша тергеуге қайтарғанымен ақыры айыптау үкімін шығарды.

Сот шешімімен Жандос Арып кінәлі деп танылғанымен ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылды. Дегенмен бұл үкім «Қорғас ісін» қайта қарауға және бұрмаланған басқа да деректерді ашуға заңды негіз болып отыр. Тергеу ізі осы істің негізгі бенефициары саналатын Қайрат Қожамжаровқа қарай бағытталуда.

Айта кетерлігі жақында ғана Қожамжаровтар әулетінің 2,6 миллиард теңгелік мүлкі бұғатталғаны және экс-шенеуніктің қазіргі таңда Мәскеуде бой тасалап жүргені белгілі болған еді. Ал Мақсат Дүйсенов Германиядан саяси баспана сұрауға дайындалып жатырған.

Еске салайық, Талғат Жақаев пен Ирлан Әбдірахманов ірі контрабандалық топты ұйымдастырды және оларға қамқорлық жасады деп айыпталып, 2014 жылы сот шешімімен екеуі де 17 жылға сотталған болатын. Талғат Жақаев 2019 жылы рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шықты. Ирлан Әбдірахманов 17 жылдық жазаның 10,5 жылын толық өтеп, тек 2022 жылы бостандыққа шықты.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий