Қыз зорлағаны үшін сотталған Талдықорған полициясының экс-басшысы қызметтік пәтерге таласып жатыр 

25.02.2026 09:21 Әсел Мұрат
Қыз зорлағаны үшін сотталған Талдықорған полициясының экс-басшысы қызметтік пәтерге таласып жатыр 
389
Фото: ашық дереккөз

Талдықорған қаласының бұрынғы полиция бастығы 11 жылға бас бостандығынан айырылған Марат Күштібаев колонияда отырып, Жетісу облысы полиция департаментін сотқа берді, деп хабарлайды Politico.kz Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Күштібаевтың отбасын пәтерден шығару: істің мән-жайы

Қыз зорлағаны үшін сотталған Талдықорған полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаев өкілі арқылы Жетісу облысы полиция департаментіне қарсы әкімшілік талап-арыз түсірген.

Дау Талдықорғандағы «Болашақ» ықшам ауданында орналасқан қызметтік пәтерге қатысты болып отыр. Күштібаевтың отбасы бұл пәтерде 2016 жылдан бері тұрып келеді.

Экс-полицей полиция департаментінің 2023 жылдан бері оның тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапортын қарамауын заңсыз әрекетсіздік деп тануды талап етті. Сонымен қатар оның жұбайы полиция департаментіне отбасын пәтерден шығару туралы бастама көтеруге тыйым салуды сұрады.

Іс материалдарына сәйкес, пәтерде Күштібаевтың әйелі мен үш баласы тұрады.

«Тұрғын үйге мұқтаж» Күштібаев пәтерді қалай алды?

2016 жылдың қарашасында жергілікті атқарушы орган Марат Күштібаев пен оның отбасына коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерді «тұрғын үйге мұқтаж» ретінде берген.

2023 жылдың ақпанында пәтер Жетісу облысы полиция департаментінің балансына өткен. Ал тамыз айында Күштібаев қызметтік тұрғын үйді жалға алу туралы шарт жасасқан.

2023 жылы 25 тамызда ол пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырған. Рапорт тіркелгенімен, 2025 жылдың қарашасында сотқа талап арыз берілгенге дейін ол мүлде қаралмаған.

Кейін Марат Күштібаев «мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін» жұмыстан босатылды. 2023 жылдың қарашасында ол өз кабинетінде қыз зорлады деген күдікпен ұсталды. 2024 жылдың сәуірінде сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Тараптардың уәждері

Сотта Күштібаевтың өкілі оның құқық қорғау органдарында 35 жылдан астам қызмет еткенін айтты. Оның сөзінше, теріс негізбен жұмыстан босатылу тұрғын үйді жекешелендіруден бас тартуға заңды негіз бола алмайды.

Сонымен қатар талап-арызда отбасының пәтерге күрделі жөндеу жүргізгені көрсетілген.

«Даулы пәтер талапкерге 2016 жылы жергілікті атқарушы орган арқылы берілген. Сондықтан оны ведомстволық тұрғын үй деп санауға болмайды және ол жекешелендіруге жатады. Құқық қорғау органдарынан теріс себеппен босатылу да жекешелендіруден бас тартуға негіз емес, мұндай норма тұрғын үй заңнамасында көзделмеген», — делінген іс материалдарында.

Ал Жетісу облысы полиция департаменті пәтердің қызметтік тұрғын үй мәртебесі бар екенін және Күштібаевтың қазір полиция органдарында қызмет атқармайтынын алға тартты. Департаменттің пікірінше, бұл тұрғын үй қызметін жалғастырып жүрген қызметкерлерге берілуі тиіс.

«Талапкер қазіргі таңда департамент қызметкері емес. Сондықтан талап арыз қанағаттандырылмауы тиіс. Қазіргі уақытта көптеген қызметкер тұрғын үйге мұқтаж», — деді полиция департаментінің өкілі.

Талдықорған қаласы әкімдігі мен тұрғын үй қатынастары бөлімінің өкілдері істі соттың қарауына қалдырды. Ал Kezekte.kz бірыңғай кезек жүйесінің деректеріне сәйкес, Күштібаев тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде тіркелмеген.

Сот экс-полиция басшысының жағына шықты

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сотталған экс-полиция қызметкерінің талабын қанағаттандырды.

Сот полиция департаментінің Күштібаевтың 2023 жылы 25 тамызда берген рапортын екі жылдан астам уақыт бойы қарамағанын заңбұзушылық деп таныды.

«Жетісу облысы полиция департаментінің Күштібаев Марат Әлімқұлұлының тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапортын қарамау әрекетсіздігі заңсыз деп танылсын. Департамент рапортты тұрғын үй комиссиясында қарауға міндеттелсін», — делінген сот шешімінде.

Алайда сот жекешелендірудің заңдылығы жөнінде баға беруден бас тартты.

«Құқық қорғау қызметінен теріс себеппен босатылған тұлғаның тұрғын үйді жекешелендіру құқығына қатысты дау тұрғын үй комиссиясының шешімі болмағандықтан, мерзімінен бұрын деп есептеледі», — делінген 2025 жылдың 28 қарашасындағы шешімде.

Пәтерден шығарып жіберуге тыйым салу талпынысы

Негізгі даумен қатар, Күштібаев пен оның жұбайы полиция департаментіне оларды пәтерден шығару туралы талап қоюға тыйым салуды сот арқылы талап еткен.

Алайда 2025 жылдың қазанында Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұл талапты негізсіз деп танып, қанағаттандырмады. Бұл шешімге берілген апелляциялық шағым 2026 жылдың 21 қаңтарында өзгеріссіз қалдырылды. 

Марат Күштібаев ісінің мән-жайы

Еске салайық, 2023 жылдың қарашасында Талдықорған қаласының полиция бастығы Марат Күштібаев 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікпен ұсталды. Адвокаттың айтуынша, 2023 жылдың 12 қарашасында әйел қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен полицияға жеткізілген. Кейін ол басқарма басшысының кабинетіне кіргізілген.

2024 жылдың сәуірінде сот Күштібаевты зорлау қылмысы бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Ол сондай-ақ барлық мемлекеттік марапатынан және «полиция полковнигі» арнаулы атағынан айырылды.

Зорлау ісіндегі жәбірленушіні параға сатып алу

Бұл іспен байланысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. 2025 жылдың ақпанында Көксу аудандық соты зорлау ісіндегі үш адамға — жәбірленушіге, оның жігітіне және соттың бұрынғы хатшысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Тергеу барысында Күштібаевтың жұбайы жәбірленушіге айғақтарын өзгерту үшін 40 миллион теңге ұсынғаны анықталған. Делдал ретінде сот хатшысы қатысқан, ал келісімге жәбірленушінің жігіті де араласқан.

Ақшаны алған жәбірленуші айғақтарын өзгертпеген. Осыдан кейін Күштібаевтың жұбайы алаяқтық дерегі бойынша полицияға арыз жазған. Тергеу нәтижесінде үш адамға да «ірі мөлшерде алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды.

Сот азаматтық талапты қанағаттандырып, сотталғандардан ақшалай өтемақы өндірді.

2025 жылдың наурызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі (қазіргі — ҰҚК жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Күштібаевтың жұбайына қатысты жәбірленушіні параға сатып алу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді бастады. Тергеу жалғасып жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий