Ресейлік альпинист Қырғызстан тауларында қалып қойды

Ресейлік альпинист Қырғызстан тауларында қалып қойды
20.08.2025 09:31
0
337
Наталья Наговицына. Дмитрий Синицынның "Остаться с Хан-Тенгри" фильмінен скриншот
Ресейлік альпинист Жеңіс шыңында тоғыз күннен бері көмек күтуде, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Қырғызстанның Жеңіс шыңында Ресей азаматы, 47 жастағы альпинист Наталья Наговицына тоғыз күннен бері көмек күтіп, өмір үшін күресуде. Шыңнан түсіп келе жатқанда аяғын сындырып алған ол, шамамен 7100-7200 метр биіктіктегі шатырда жалғыз қалып қойған. Бүгін, 20 тамызда, оны құтқару бойынша жаңа операция жоспарланып отыр, алайда оның сәтті өтуіне ауа райының қолайсыздығы үлкен кедергі.

Бұл туралы алғаш рет альпинистің сіңілісі Юлия Лыкова дабыл қаққан. Оның айтуынша, Натальямен ешқандай байланыс жоқ, ал оған көмекке шығуы тиіс құтқарушылар тобы үсік шалған басқа альпинистерді төмен түсірумен болып жатқан. 

Соңғы мәліметтер бойынша, әйелдің тамағы таусылып, суы да бітуге жақын. Қырғызстан Қорғаныс министрлігінің дроны оның 7200 метр биіктіктегі шатырда тірі екенін анықтаған. Ведомство бұл ақпаратты растағанымен, ауа райының нашарлығына байланысты тікұшақтардың ұша алмай тұрғанын хабарлады.

Бұған дейінгі құтқару операциялары да сәтсіз аяқталған. Тіпті көмекке ұшқан тікұшақтардың бірі қатты қонып, апатқа ұшыраған, салдарынан ұшқыштар мен құтқарушылар зардап шеккен.

Бұл оқиғаның тағы бір қайғылы тұсы бар. Натальяның күйеуі, альпинист Сергей Наговицин 2021 жылы дәл осы таулардағы Хан Тәңірі шыңында инсульт алып, көз жұмған еді. Араға бір жыл салып, Наталья сол шыңға қайта көтеріліп, күйеуіне арнап ескерткіш тақта орнатқан болатын. Енді, міне, өзі де сол тауларда тағдырдың қатал сынағына тап болып отыр. Бүкіл альпинистер қауымдастығы бүгінгі құтқару операциясының сәтті өтуін тағатсыздана күтуде.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий